“Шындыққа жанаспайды”. СІМ Қазақстанға қатысты негізсіз болжамға түсініктеме берді

“Шындыққа жанаспайды”. СІМ Қазақстанға қатысты негізсіз болжамға түсініктеме берді
Фото: видеодан скрин

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ел аумағы Ресейдегі нысандарға жасалған ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдары үшін пайдаланылды деген ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрліктің мәліметінше, соңғы күндері кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстарда Қазақстанға қатысты арандатушылық сипаттағы және шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттар таралып жатыр.

"Аталған мәлімдемелер шындыққа жанаспайды және ешқандай деректермен немесе фактілермен расталмайды", – деп мәлімдеді Сыртқы істер министрлігі.

Ведомствоның бағалауынша, мұндай негізсіз болжамдар Қазақстан мен Ресей арасындағы дәстүрлі достық және тату көршілік қарым-қатынастардың сипатын бұрмалауға бағытталған.

Министрлік Қазақстанның сыртқы саясаты тату көршілік, өзара құрмет және мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау қағидаттарына негізделетінін атап өтті. Сондай-ақ еліміздің халықаралық құқық талаптары мен халықаралық және өңірлік қауіпсіздік саласындағы міндеттемелерін тұрақты түрде орындап келе жатқаны айтылды.

"Қазақстан Республикасы өз аумағының, әуе кеңістігінің және инфрақұрылымының басқа мемлекеттерге қарсы бағытталған іс-қимылдарды жүзеге асыру үшін пайдаланылуына жол бермеу қағидатын берік ұстанады", – делінген министрлік мәлімдемесінде.

Осыған байланысты ведомство бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам өкілдерін тек тексерілген ақпаратқа сүйенуге және шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға шақырды.