Ал өңірдегі жылыжайлардың 70 гектары автоматтандырылған. Осының арқасында 1 гектарға шаққандағы өнімділік 1 жылда 200 тоннадан астам қияр мен 400 тоннаға жуық қызанақ береді. Жалпы 2017 жылы облыс бойынша жылыжайлардың көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 18 пайызға артып, 1 325 гектарды құрады. Сонымен қатар тамшылатып суару 16 пайызға артып, 59,1 мың гектарды құрады.
Бұдан бөлек, мал шаруашылығында барлық мал басының есебі автоматтандырылып отыр. Бұл шара, малдардың қозғалысын және барлық ветеринарлық іс-шараларды тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар облыстағы мал шаруашылығы өнімін өндіру мен өңдеуде жаңа технологиялар белсенді түрде қолдануда. Мысалы, сүт өндірісін дамытумен айналысатын «Бөрте-Милка» сүт тауарлы фермасы сиырды сауудан бастап азықтандыру және сүтті сақтауға дейінгі процесті автоматтандырылған жүйе арқылы атқарады. Өндірісті автоматтандыру нәтижесінде кәсіпорында 1 сиырдан жылына 7 мың литрге дейін сүт алынады, ал дәстүрлі тәсілмен өнімділік 3 мың литрді құрайды.
Сонымен бірге облыстағы 2,7 млн. бас құсының 1,2 миллионы заманауи автоматтандырылған құс фермаларында («Шымкент құс», «Ордабасы құс»)өсіріледі. Онда тауықтарды қоректендіру, жұмыртқа жинау, сою, дайын өнімді сақтау мен санитарлық жұмыстардың барлығы автоматтандырылған жүйе арқылы іске асырылады. Цифрлық технологияны қолданудың нәтижесінде құс етін өндіру 5 есеге дейін артты.
Ал еуропалық стандартарға сәйкес келетін «СПК Хамит» 2,7 мың тонна өңделген балық өнімдерін шығарса, «Ақ санат инжениринг» 1 мың тонна тірі балық өсірді. Бұл кәсіпорындардың өнімдері Еуропа мемлекеттеріне экспортталады. Жалпы ауыл шаруашылық саласының өнімділігін артыру мақсатында заманауи технологияларды ендіру және өндіру мен өңдеу процесстерін автоматтандыру жұмыстарын іске асыру жергілікті атқарушы биліктің басты міндеттерінің бірі болып отыр.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі
https://dalanews.kz/33116