Ақмола облысында сот суррогат анамен келісімшарт жасасқан ерлі-зайыптының талабын ішінара қанағаттандырды. Олар жұмсаған қаражатын қайтаруды және моральдық өтемақы өндіруді сұраған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот материалдарына сәйкес, тараптар 2024 жылы екі рет ұрықтандыру рәсімін өткізуге келіскен. Алғашқы әрекет сәтсіз аяқталған соң, ерлі-зайыпты әйелге екінші процедураға дайындық үшін 500 мың теңгеден астам қаржы аударған. Бұл қаражат тамақтану, медициналық тексеру және өзге де дайындық шығындарын өтеуге бағытталған.
Алайда 2025 жылдың наурызына жоспарланған екінші ұрықтандыру рәсімі өтпей қалған. Себебі суррогат ана белгіленген уақытта келмеген. Кейін ерлі-зайыпты эмбрионды әрі қарай сақтаудан бас тартқан.
Бірінші сатыдағы сот жауапкерден 550 мың теңге материалдық шығын және 500 мың теңге моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарған. Дегенмен апелляциялық сот бұл шешімге өзгеріс енгізді.
Сот суррогат ана екінші процедураға дайындық үшін алынған қаражатты қайтаруы тиіс деп таныды, өйткені рәсім оның кінәсінен жүзеге аспаған.
Ал моральдық өтемақы өндіру туралы талап қанағаттандырылмады. Сот шешімінде келісімшартта эмбрионды сақтау мәселесі қарастырылмағаны, сондай-ақ оны жою туралы шешімді ерлі-зайыптылар өз еркімен қабылдағаны атап өтілген. Осыған байланысты сот жауапкер әрекеті талапкерлердің тек мүліктік құқықтарына ғана әсер етті деген қорытындыға келген.
