Суретке түсуге келгендер күнбағыс алқаптарын таптап кеткен

Суретке түсуге келгендер күнбағыс алқаптарын таптап кеткен
видео кадры

Фотограф Дмитрий Бронников әлеуметтік желіде Қазақстандағы күнбағыс алқаптарының қазіргі күйін көрсетіп, демалушылар мен фотосессия жасаушылардың әрекетіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, соңғы уақытта әдемі кадр түсіру мақсатында адамдар гүлдеп тұрған алқаптардың ішіне кіріп, күнбағыстарды таптап, сабақтарын сындырып кететін жағдайлар жиілеген. Соның салдарынан егістіктің бір бөлігі зақымданып, өнім шығынына әкелуі мүмкін.

«Күн батар сәтте әдемі суретке түскісі келетіндерді түсінемін. Бірақ алқаптың ортасына дейін кіріп, бәрін таптап кетудің қажеті жоқ қой», – дейді фотограф.

Сонымен қатар ол кейбір келушілердің артынан қоқысын жинамай кететінін де атап өтті. Пластик бөтелкелер мен тамақ қалдықтары алқаптың көркін бұзып қана қоймай, өсімдіктердің бүлінуіне себеп болып жатқан көрінеді.

Дмитрий азаматтарды бір сәттік фото немесе видео үшін диқандардың маусым бойғы еңбегіне зиян келтірмеуге шақырды.