Бүгін қала әкімі Бақыт Сұлтанов пен «Отандастар» қорының президенті Нұртай Абықаев өзара ынтымақтастық туралы меморандумына қол қойды.
Тараптар елге көшіп келген этникалық қазақтарға қолдау көрсетуге келісті. Қала әкімі Бақыт Сұлтанов «Отандастар» қорын астанада қоғамдық-мәдени шараларды бірлесіп өткізуге шақырды.
«Елбасының тапсырмасымен «Отандастар қоры» құрылып, өзіңіздің басшылығыңызбен ауқымды әрі маңызды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, алыс және жақын шетелдерден қоныс аударған отандастарымызға құқықтық, ақпараттық, рухани, психологиялық, тілдік көмектер көрсету шаралары қабылданып отыр. Бұл ретте, жерлестеріміздің жаңа ортаға кірігіп, қоғамдық өмірге еркін араласуына мүмкіндік жасау маңызды саналады. Өздеріңізге мәлім, 2019 жыл – Жастар жылы деп жарияланды. Оның аясында біз «Отандастар» қорын астанада қоғамдық-мәдени шараларды бірлесіп өткізуге шақырамыз», – деді Бақыт Сұлтанов.
Әкімнің айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласына келген этникалық қазақтардың қоғамға бейімделуіне және ықпалдасуына көмектесу мақсатында үкіметтік емес ұйым өкілдері арнайы жобаларды жүзеге асырады деп жоспарлануда.
«Елорда күні қарсаңында «Отандастар» қорымен бірлесіп «Қасиетті қазақ елі» Халықаралық фестивалін ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, қазақ қолданбалы өнерін дамытуға және насихаттауға арналған «Қазақ сәні» іс-шарасы өткізілетін болады. Осы бағыттағы жұмыстар Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың 7 қыры» бағдарламалары аясында да жалғасын табатын болады», – деді әкім.
«Отандастар» қорының президенті Нұртай Абықаев қордың қызметі мен басты мақсаттары туралы айтып берді.
Оның мәліметіне қарағанда, болашақта осындай меморандум басқа да аймақтармен жасалатын болады. Еске салайық, 2017 жылы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен шеттегі және елге көшіп келген ағайындарды қолдау үшін «Отандастар» қоры құрылған болатын.
Басты бағытының бірі – білім беру.
https://youtu.be/nlYpQYCGBtY