Жоғары Сот Кеңесі сот жүйесіндегі кадр саясатын қайта қарап, судьяларды іріктеу мен тағайындау рәсімдерін жеделдетті, деп хабарлайды Dala News.
Кеңестің кезекті отырысында комиссиялар мен Сот жюриінің 2025 жылғы жұмысы қорытындыланып, судья корпусын жаңартуға бағытталған жаңа тәсілдер таныстырылды. Кеңес төрағасы Дмитрий Малахов судьялыққа үміткерлер санын арттыру үшін бұрын болмаған қадамдарға барғандарын айтты.
«Сот жүйесіне мықты заңгерлерді тарту мақсатында Кеңес алғаш рет адвокаттар мен заңгерлер қауымдастықтары, сондай-ақ құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлері үшін онлайн-түсіндіру семинарларын өткізді. Соның нәтижесінде іріктеуге қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артты», - деді Кеңес төрағасы Дмитрий Малахов.
Оның айтуынша, 2025 жылы судьяларды іріктеу кезінде нақты салаларға – жер, корпоративтік, салық және қаржы құқығына маманданған заңгерлерге басымдық берілген. Бұл соттағы күрделі істердің сапалы қаралуына тікелей әсер етуі тиіс.
Жоғары Сот Кеңесі іріктеу рәсімдерінің ашықтығын күшейтуге де мән берген. Тағайындауға ұсынылған кандидаттар туралы ақпарат онлайн форматта жарияланып, қоғамға қолжетімді етілген. Кеңес бұл қадамды сот жүйесіне деген сенімді арттыруға бағытталған шешім ретінде бағалап отыр.
Сонымен қатар судьялық біліктілік емтихандарының тәртібі қайта қаралған. Емтихандар жүйелі түрде өткізіліп, барлық кезеңдерден өту мерзімі қысқартылған. Бұл бір жағынан процесті жеделдетсе, екінші жағынан талаптардың сақталуына қатысты сұрақтар туындатады.
Тәртіптік практика бойынша да өзгерістер бар. Кеңес мәліметінше, Сот әділқазының шешімдеріне шағымдар саны азайған. Ресми дерек мұны шешімдердің бірізденуімен түсіндіреді.
Жоғары Сот Кеңесінде алдағы кезеңде де судьялардың тәуелсіздігі мен сот жүйесінің ашықтығын күшейту жұмысы жалғасатынын мәлімдеді.
