Судья Зарема Хамидуллина: "Сіз кінәсіз адамдарды өлтірдіңіз"

Судья Зарема Хамидуллина: "Сіз кінәсіз адамдарды өлтірдіңіз"
"Ақ Жайық" басылымы

Сот үкімін түсіндірген судья Зарема Хамидуллина Сұлтан Сәрсемәлиевтің Наурызды қажетті қорғаныс жағдайында, ал қалған жәбірленушілерді "өз әрекетін түсінбей" өлтіргені туралы уәждері дәлелденбегенін мәлімдеді. Сондай-ақ сот қорғаушы тараптың айыпталушы қылмыс кезінде аффект жағдайында болды деген пікірін қабылдамады, деп хабарлайды "Ақ Жайық" басылымы.

Судьяның айтуынша, жәбірленушіге кемінде он рет пышақ жарақаты салынған жағдайда қажетті қорғаныс туралы сөз қозғау мүмкін емес. Ал мәйітті кейін жасыру әрекеті қылмыстың мақсатты түрде жасалғанын көрсетеді.

Сот төрағасы Наурыздың денесі кісі өлтіруден кейін он айдан астам уақыт өткен соң табылғанын түсіндірді. Мәйіт қатты шіріп кеткендіктен, сарапшылар терінің сақталған бөліктерінен он пышақ жарақатын ғана анықтай алған. Алайда сараптама қорытындысына сәйкес, жарақат саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Сонымен қатар қаза тапқан төрт адамның да өлімге әкелген пышақ жарақаттары жүрек тұсына салынған. Мақсоттың, Нәсіптің және Мейрамгүлдің қолдары мен білектерінен де жарақаттар табылған. Соттың қорытындысы бойынша, бұл олардың шабуылдаушыдан қорғануға тырысқанын білдіреді.

Сот психологиялық-психиатриялық сараптама нәтижелеріне сүйенді. Қорытындыға сәйкес, Сәрсемәлиевтің ақыл-есі дұрыс, психикалық аурумен ауырмайды және қылмыс жасаған кезде физиологиялық та, патологиялық та аффект жағдайында болмаған.

Судья физиологиялық аффектінің қысқа мерзімді күй екенін, ал сотталушының әрекеттері бірнеше айға созылып, бірізді түрде жасалғанын атап өтті.

Оның айтуынша, Сәрсемәлиев қылмыстарға алдын ала дайындалып, әр әрекетін саналы түрде жасаған. Кісі өлтіруге бұрынғы әйелінің туыстарымен арадағы жанжал себеп болған.

"Балаларын ойлаған әке оларды жетім қалдырмас еді"

Айыпталушыға қарата сөйлеген судья, егер ол жақсы күйеу әрі жақсы күйеу бала болғанда, әйелінің ата-анасы қызын өз үйлеріне алып кетуге тырыспас еді деп мәлімдеді.

"Сіз Наурызды қасақана өлтірдіңіз. Ал алғашқы қылмысыңыз әшкереленіп қалады деп қорқып, отбасының басқа мүшелерін де өмірден айырдыңыз. Сіз кінәсіз адамдарды өлтірдіңіз", – деді Зарема Хамидуллина.

Судья сот процесі барысында Сәрсемәлиев жәбірленушілердің қандай сөзі немесе әрекеті мұндай қатыгез қылмысты ақтай алатынын түсіндіре алмағанын атап өтті.

Айыпталушы қылмыстарды балалары үшін жасағанын мәлімдеген. Алайда сот бұл уәжді негізсіз деп таныды.

"Балаларын шын мәнінде ойлайтын әке оларды ешқашан ата-анасыз қалдырмас еді. Ол балаларының анасын ауыр психикалық дертпен жалғыз қалдырып, олардың болашағын өз қолымен ойрандамас еді", – деді судья.

Оның айтуынша, қазір балалар ата-анасының жанында емес, мемлекеттің қамқорлығында жүр. Оларға ойыншық пен тәтті емес, өздері айырылып қалған ата-аналық махаббат пен қамқорлық қажет.

Судья бұрынғы әйелінің ата-анасы сотталушы үшін өзінің әке-шешесіндей жақын адамдар болуы керек екенін де еске салды.

"Сіз оларды өз қолыңызбен өлтірдіңіз. Денелерін тиісті түрде жерлемей, шұңқырға тастадыңыз. Наурыздың денесі үйдің маңында жатқанын біле тұра, сол жерде еш алаңсыз өмір сүре бердіңіз. Кейін Мейрамгүлді өлтіріп, шұңқырды қайта қазып, оның денесін Наурыздың үстіне көмдіңіз. Мұндай әрекеттерді адамгершілік немесе моральдық тұрғыдан еш ақтауға болмайды", – деді судья.

Ол сот талқылауы кезінде қаза болғандардың денелерін эксгумациялау барысы түсірілген видеолар зерттелгенін айтты. Бейнежазбалар мәйіттердің қаншалықты қатты шірігенін анық көрсеткен.

"Ал Наурыз бен Мейрамгүл қандай өмір сүріп үлгерді?"

Судья сот процесінде жәбірленушілерді жағымсыз жағынан көрсетуге және болған жағдайға оларды кінәлі етіп шығаруға тырысқан Сәрсемәлиевтің анасы мен әпкесінің жауаптарына да жеке тоқталды.

Оның айтуынша, марқұмдар енді өздерін қорғай алмайды. Ал сотқа ұсынылған дәлелдердің ешқайсысы олардың атына айтылған айыптауларды растамаған.

Айыпталушының анасының "балам өмірде қызық көрмеді" деген сөзіне судья: "Ал Наурыз бен Мейрамгүл қандай өмір сүріп үлгерді?" – деп жауап қайтарды.

Судья екі жәбірленушінің де бала кезінен мүгедектікпен өмір сүргенін, тағдырларының қайғылы аяқталғанын атап өтті. Олар енді ешқашан армандарын жүзеге асыра алмайды, отбасын құрып, ұрпақ сүйе алмайды.

Сот айыпталушының өмір бойы бес баласын тәрбиелеп, науқас әйеліне күтім жасағаны туралы уәжді де қабылдамады.

Судьяның айтуынша, өз балалары мен жұбайына қамқорлық жасау – ерлік немесе жазаны жеңілдететін жағдай емес, әрбір ата-ананың табиғи міндеті.

Үкімді түсіндіруді қорытындылаған Зарема Хамидуллина Сәрсемәлиевтің әрекеттері бір адамның ғана емес, тұтас бір отбасының тағдырын талқандап, марқұмдардың туыстарына ғана емес, бүкіл қоғамға ауыр қасірет әкелгенін айтты.

"Отбасылық жағдай қаншалықты күрделі болса да, отбасын сақтап қалуға сабыр, жауапкершілік, өзара құрмет пен кешіре білу көмектеседі. Ашу мен өшпенділік ешқашан мәселені шешпейді. Олар орны толмас қайғыға ғана алып келеді", – деп қорытындылады судья.