Қазақстанда тасқын су салдарынан үйі мен малынан айырылған азаматтарға залалды өтеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қызыл судан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарынан 24 835 өтінім қабылданған.
“4 мамырдағы жағдай бойынша 16 168 отбасы 5,7 млрд теңгеден астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Мал басының шығыны үшін берілетін төлем 916 млн теңгеден асты. Зардап шеккен өңірлерде 4556 үй тексеріліп, 2845 нысанда бағалау жүргізілді. Жөндеу жұмыстарына және тұрғын үйді қалпына келтіруге 696 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Аталған көмек 530 отбасын қамтыды”, - деп хабарлайды премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Ақмола, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарында тағы 53 отбасыға қираған баспананың орнына жаңа үй мен пәтер берілген.
“Залалды өтеу жұмыстары жалғасуда және үкіметтің қатаң бақылауына алынған. Ел президентінің тапсырмасымен барлық азаматқа жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіледі”, - деп атап өтті үкімет.