Ақтөбе облысында Бесқоспа ауылынан 200 адам қауіпсіз жерге көшірілді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Өңірде Мағажан су қоймасы бөгеті бұзылуына, бөгетті жағалай орналасқан елді мекендерді су басу қаупі болуына байланысты Бесқоспа ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр.
Облыстық әкімдік мәліметінше, қазір ауыл тұрғындары Ұлттық ұланға қарасты Ми-171Е тікұшағына отырғызылып, Бесқоспа ауылынан Бестамаққа жеткізіліп жатыр. Азаматтар Бестамақ ауылындағы мәдениет үйіне автобустармен де тасымалданып жатыр.
Сағат 13:30-дағы ақпаратқа сүйенсек, автобус 6 рейс жасаған. Нәтижесінде 200 адам тасымалданған, ал 80-і - бала.
"Эвакуация кезінде тұрғындардан құтқарушылар, жергілікті атқарушы органдар тарапынан айтылатын хабарландыру, ескертулерге құлақ асып, қажет құжаттарыңызды алып, үйлеріңізді босатуларыңызды сұраймыз", деп ескертті құтқарушылар.
"Ақтөбе су қоймасының толуына байланысты шлюзді ашуға мәжбүрміз. Бұл судың жағасынан асып кетуіне әкелуі мүмкін екенін ескертеміз. Кірпішті көпірі ауданындағы Елек өзені мен Қарғалы өзенінің маңында орналасқан бау-бақша ұжымдарының тұрғындарын эвакуациялауға келісім беріп, үйлеріңізден шығуды сұраймын.
Біз үшін сіздердің өмірлеріңіз өте маңызды. Өздеріңіз білесіздер, наурыздың 26-сы күні қала аумағында күн күрт жылынуына байланысты су көтерілді. Бірнеше тұрғын алап пен бау-бақша ұжымдарына қауіп төнді. Бүгінгі күні 73 үйге су кірді. 155 адам эвакуацияланды. Су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындарға көмек беріледі", – деді әкім.
Артынша қала әкімі эвакуациялық пункттерге барып, түнде су басу қаупіне байланысты үйлерін тастап шыққан тұрғындармен кездесіп қайтқан.
"Өздеріңіз білетіндей, Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланды. Біз кеше түнде су тасқыны болуы мүмкін аймақтарда тұратын азаматтарды эвакуацияладық. Үйлерін су басқан тұрғындар көмексіз қалмайды, жарияланған төтенше жағдай аясында көмек беріледі. Осы су тасқынына қарсы шаралар аяқталып, бірыңғайланғаннан кейін комиссия әр үйдің жағдайын қараумен айналысатын болады. Зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды.
Эвакуациялық және су тасқынына қарсы іс-шараларға 835 адам, 340 техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытқа 2125 адам, оның ішінде 870 бала қаланың 53 мектебінде орналасты. Ыстық тамақ ұйымдастырылған", - деді әкім.