“Су бетінде нәжіс қалқып жүр”. Демалушылар Бурабай көлінің ластанғанын айтып дабыл қақты

“Су бетінде нәжіс қалқып жүр”. Демалушылар Бурабай көлінің ластанғанын айтып дабыл қақты
Фото: sinegor.kz

Ақмола облысындағы Бурабай көліне  барған демалушылар судың ластанғанын айтып дабыл қақты. Олардың сөзінше, суға түскен кезде өткір жағымсыз иіс сезіліп, тіпті нәжіс қалдықтары да байқалған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Sinegor.kz мәліметінше, оқиға Бурабайдағы шипажайлардың біріне қарасты жағажайда болған.

Желіде тараған жарияланымға пікір қалдырғандардың бірқатары мұндай жағдайдың алғаш рет емес екенін айтып, Бурабай көліне шомылмайтындарын жазған. Кейбір қолданушылар мұны кәріз және тазарту жүйелерінің жай-күйімен, сондай-ақ қоғамдық дәретханалардың жеткіліксіздігімен байланыстырған.

Айта кетейік, кейінгі уақытта туристер Бурабай курорттық аймағындағы санитарлық жағдайға қатысты шағымдарын жиі жариялап жүр. Бұған дейін де демалушылар жағажайлардың тазалығы, жағымсыз иіс пен қоғамдық дәретханалардың тапшылығы мәселесін көтерген.

Ал Ақмола облысының әкімдігі бұған дейін курорт аумағындағы жекелеген санитарлық мәселелерді рұқсатсыз жұмыс істейтін кәсіпкерлердің қызметімен байланыстырған.

Өз кезегінде Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің әкімшілігі табиғатты қорғау талаптарына байланысты көл жағалауын толықтай дәретханалармен жабдықтау мүмкін еместігін мәлімдеген. Сондай-ақ мамандар демалушыларға су сапасы тұрақты бақыланатын ресми жағажайларда ғана шомылуға кеңес берген.