Білім ордасының ректоры Ж.Түймебаевқа Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысовтан белгілі ағылшын жазушысы, Ресей және посткеңестік кеңістік тарихының беделді сарапшысының еңбегін студенттер арасында насихаттау туралы арнайы хат келіп түсті. Бұл ұсыныс Жансейіт Қансейітұлы тарапынан қызу қолдау тауып, алдағы уақытта жүзеге асыру жолдары келісілді.
Кітапта XIX ғасырдың белгілі ағылшын зерттеушісі және сәулетшісі Томас Уитлам Аткинсон мен жұбайы Люси Аткинсонның Қазақстан аумағындағы жеті жылдық саяхаты туралы баяндалады. Сол саяхат барысында Аткинсондар ұлды болып, есімін тау мен бұлақтың құрметіне орай Алатау-Тамшыбұлақ деп қояды. Қазір Алатау-Тамшыбұлақтан тараған ұрпақ Ұлыбритания мен Америкада мекен етеді.
Бұл ағылшын тілінде жарық көрген еңбек Кәрі құралықта үлкен сұранысқа ие. Кітапта Томас пен Люси Аткинсондардың Ұлы дала жайлы шынайы жазбалары мен салған суреттерінің тарихы, олардың бірге өмір сүрген қазақ ауылының тағдыры жайында нақты деректер жарияланған.
Британ саяхатшыларының қазақ жеріндегі өмірі туралы ағылшын оқырмандарына баяндап берген автор, 86 жастағы жазушы Джон Масси Стюарт 2019 жылы Алматы облысы әкімдігінің шақыруымен Жетісу өңіріне келіп, саяхатшылар аралаған жерлерді өз көзімен көріп қайтқан. Оның естеліктері Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ынтымақтастықты арттырып, туризмнің дамуына ықпал ететіні сөзсіз. Аталған туындыны биыл Алматы облысының әкімдігі қазақ тіліне аударып басып шығармақ.
Дж.Стюарт 60 жыл бойы Азиялық істер жөніндегі Корольдік қоғамының (Royal Society for Asian Affairs, Қоғам) мүшесі, оның ішінде 11 жыл бойы Қоғамның құрметті кітапханашысы, саяхатшы әрі фотограф болып қызмет атқарған. Көптеген кітаптардың авторы. Жазушы 1914 жылдан бері әр тоқсан сайын шығатын «Asian Affairs» атты журналдың 1960 жылдан бергі барлық көшірмелерін сақтаған екен. Журнал қазіргі кездегі оқиғалар мен жаңа тарихқа назар аудара отырып, Азияға байланысты бірқатар әлеуметтік, саяси және тарихи кітаптарды, сондай-ақ кітаптық шолуларды қамтиды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында алдағы уақытта британиялық жазушы Джон Масси Стюарттың «Томас, Люси және Алатау: Аткинсондардың Сібір мен қазақ даласындағы оқиғалары» атты кітабы қазақстандық оқырмандардың қолына жақын арада тиетін болмақ. Ал Қазақстанға алғыс ретінде жазушы «Asian Affairs» журналын ҚазҰУ-ға сыйға береді деп күтілуде.