2 мамыр күні Степногорск қаласындағы “Махаббат аллеясында” оқыс оқиға болды. Велосипед теуіп жүрген бастауыш сынып оқушысын үш бірдей жасөспірім тоқтатып, соққыға жыққан. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, олар баланы қорқытып, телефонын немесе велосипедін беруді талап еткен, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бала қашып кетпек болғанымен, жасөспірімдер оны қуып жетіп, велосипедтен қағып түсірген. Салдарынан ол бордюрге басымен соғылған.
Келесі күні дәрігерлер баланы тексеріп, ауыр жарақат алмағанын жеткізген. Дегенмен оның денесінде көгерген іздері бар, аяқ және бас аймағында ауырсыну байқалған.
Жәбірленушінің анасы полицияға арызданған. Алайда оның айтуынша, бастапқыда күдіктілердің жеке басын анықтау мүмкін болмаған. Біраз уақыттан кейін жасөспірімдер өздері баланың үйіне келген. Учаскелік полиция қызметкерімен әңгіме барысында олар оқиғаға қатысы жоқ екенін айтқан. Қорыққан бала алғашында бұл сөзді растағанымен, кейіннен шындықты айтып, өзін соққыға жыққандар солар екенін мойындаған.
Анасы істі соңына дейін жеткізу үшін прокуратураға жүгінуге ниетті.