"Ставкаcы - 1,5 млн теңге". Созақтық қария мектептердегі жемқорлықты әшкереледі

Сағыныш Сардарова 11 сәу. 2025 12:50 18671

Түркістан облысы Созақ ауданында зейнеткер мектептер мен білім бөліміндегі жемқорлық деректерін жайып салды, - деп хабарлайды Dalanews.kz Qaz365.kz-ке сілтеп.

Өңір әкімі Нұралхан Көшеровтің Созақ ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында Ақсақалдар кеңесінің төрағасы осындай мәлімдеме жасап, әкімнен мәселені шешіп беруді сұраған.

“Немерелеріміз жоғары оқу орнын бітіріп келген соң мектепке жұмысқа орналасайын десе, облыс орталығына барып біліктілігін тексеретін тест тапсыруды міндеттейді. Облыс орталығы Түркістанға барып тест тапсырып, өтіп тұрса да, "аты-жөнің компьютерде шықпай тұр, ауданға барып енгізіп келіңіз" деп қайтарып жібереді. Ауданға келсе мектеп директорына жібереді. Ал мектеп директоры атыңды базаға енгізу үшін 1,5 млн теңге сұрайды. Берсең тіркейді, бермесең жоқ. Ал егер беретін болсаң, облыстағы тесттен өтсең де, өтпесең де өткізіп жібереді", - деген ол кездесуде.

Қария білім сапасы жайын да қозғаған.

"Мектеп бітіретін балаларымыздың 25-тен тек бесеуі грантқа оқуға түседі. Қалған 20-сы ақылы оқиды. Бұрын біздің кезімізде ауыл балаларының бәрі тегін оқитын еді. Білім сапасы жақсы еді. Қазір білім беру деңгейі түсіп кетті. Оған себеп: мектептерге ауданнан келген комиссияға деп 5 мың, облыстан келген комиссияға 10 мыңнан мұғалімдерден ақша жинап алады. Келген комиссия мектеп асханасына жайылған дастарханға келеді де, жиналған ақшаны алып қайтып кетеді. Білім сапасын, мектеп-сыныптардың жайын, оқушыларды тексермейді. Осы мәселені шешіп беруіңізді сұраймын, әкім мырза”, – деді жиында сөз сөйлеген ауыл ақсақалы.

Басылым мәліметінше, облыс әкімі ақсақалдың сөзін тыңдап, мәселелерді шешуге аудан тұрғындарының көмектесуін сұраған.

“Ақсақал, немерелеріңізбен болған оқиғада құқық қорғау органдарына арыздансын. Нақты фактілер келтірсе, ешкім мұндай қылмыстан жалтарып кете алмайды. Қашанғы мұндай жағдайларға көз жұмып жүре бермекпіз?! Сондықтан осындай жағдайлар кездессе, бірден құқық қорғау органдарына, әкімдіктерге арыз-шағыммен барыңыздар. Сіздер болып, біз болып мұндай жағдайлардың алдын алуымыз керек. Ол үшін өздеріңіздің ашықтықтарыңыз бен қажырлы көмектеріңіз қажет”, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар