Әлеуметтік желілерде полиция қызметкерлерінің тұрғын әйелге үйінің маңындағы шабылмаған шөп үшін айыппұл салып жатқан видеосы қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Видеода тәртіп сақшылары үй аумағын уақытылы ретке келтіріп, шөпті тұрақты түрде шауып отыру қажет екенін түсіндіреді. Олардың айтуынша, бұл талап орындалмаған жағдайда айыппұл мөлшері 64 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Алайда тұрғын әйел мұндай шешіммен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, аумақты үнемі тазалап отырады, бірақ жауын-шашыннан кейін шөп өте жылдам өсетіндіктен, оны күн сайын шабу мүмкін емес.
«Бірде бақбақтарды шаппаңдар дейсіңдер, айыппұл саласыңдар, енді бақбақпен бірге өскен шөпті шабыңдар дейсіңдер. Өздерің бір шешімге келіңдер», – дейді видео авторы.
Желіде тараған кадрлар қазақстандықтардың қызу пікірталасын тудырды. Көпшілік мұндай айыппұлдың қаншалықты негізді екеніне күмән келтіріп, тұрғындардың ауласын күтіп ұстау міндеті мен табиғи түрде өсетін шөпке қатысты талаптардың ара-жігін талқылап жатыр.
Тәртіп сақшылары әзірге бұл жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ.