Солтүстік Қазақстан облысының мектептеріне 360 миллион теңгеге тартылған интернет техникалық талаптарға сай болмаған. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Айыртау, Ақжар, Есіл, Мамлют, Тайынша, Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов және Шал ақын аудандарының білім бөлімдерінің лауазымды тұлғалары мектептерді интернетке қосу бойынша келісімшарттарды Бюджет кодексі мен мемлекеттік сатып алу қағидаларын бұза отырып жасаған”, – делінген прокуратура мәлімдемесінде.
Мәселен, Ақжар ауданындағы Горький орта мектебінің мұғалімдері интернеттің өте баяу жұмыс істеуінен шаршап, өз қаражаттарына жеке роутер орнатып, ай сайынғы төлемін де өздері өтеп келген.
Қадағалаушы орган кінәлілердің тәртіптік жауапкершілікке тартылуына қол жеткізген, алайда нақты қандай жаза қолданылғаны айтылмайды. Бүгінде көрсетілетін қызметтердің құнын төмендетуге қатысты қосымша келісімдер жасалып, нәтижесінде бюджет қаржысын орынсыз жұмсаудың алдын алуға мүмкіндік туған. Үнемделген сома — 75,8 миллион теңге.