Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірлерін беру кезінде заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тексеру нәтижесінде белгілі болғандай, “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы заң талаптарын елемей, Қазақстан аумағында болмаған шетелдіктердің атынан 720 өтініш рәсімдеген. Осылайша, оларға заңсыз түрде жеке сәйкестендіру нөмірлері берілген.
Прокуратураның қадағалау актісінен кейін кінәлілер жауапкершілікке тартылып, заңсыз берілген ЖСН-дерді жою шаралары қолға алынды.
Сонымен қатар 3 шілдеде қадағалау органының материалдары негізінде Петропавл қаласы мен М.Жұмабаев ауданының полиция бөлімдері Қылмыстық кодекстің 206-бабының 2-бөлігі («Ақпаратты заңсыз жою немесе өзгерту») бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатыр. Оның барысы облыс прокуратурасының қатаң бақылауында.