Солтүстік Қазақстан облысында полициядағы жемқорлық ісі бойынша үкім шықты. Петропавл қалалық соты бұрынғы майор Ерболат Қаптаевты бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп тапты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ratel.kz мәліметінше, сот Қаптаевтың рецидивист Руслан Нагумановпен байланыста болғанын, одан сыйлықтар мен қызметтер алғанын анықтады: телефон, автокөлік жалдау, шоттарды төлеу. Алайда айыпталушы мұның бәрін тек жедел жұмыс аясындағы қатынас деп түсіндірген.
Судья қорғау тарапының бұл уәжін жоққа шығарды.
"Нагуманов телефонды сағат 14:00-де сатып алған, ал 14:27-де оны Қаптаевқа берген. Бұл жедел шараның бөлігі бола алмайды", – делінген үкімде.
Айыптау тарапынан куәгерлердің айғақтары, телефон әңгімелерінің стенограммалары, хат алмасулар және жасырын тергеу әрекеттерінің материалдары дәлел ретінде ұсынылды. Прокурор бұрынғы полицейге 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.
Қорғаушылар керісінше, дәлелдерді жедел жұмыстың ерекшелігі тұрғысынан бағалау керек екенін айтып, процесті жабық өткізуді сұраған, бірақ өтініш қанағаттандырылмады.
Бұл ретте Нагумановтың кейбір айғақтары даулы болды. Ол оларды қысыммен және жазаны жеңілдетуге уәде берген соң бергенін айтқан. Бірақ сот дәлелдердің жиынтығын жеткілікті деп санады.
Нәтижесінде Ерболат Қаптаевқа орташа қауіпсіздік мекемесінде 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен бірге сот оны полиция майоры шенінен айырды, мүлкін тәркілеуді және мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет етуге тыйым салуды бекітті.
Үкім заңды күшіне енген жоқ. Қорғау тарапы апелляцияға беретінін мәлімдеді.
Қаптаевтың ісімен қатар сотта Нагумановқа қатысты алаяқтық пен бұзақылық деректері бойынша да іс қаралды. Сот алқасы оған шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды. Ол алдағы 7 жылын қатаң режимдегі колонияда өткізеді. Бұл жайт, кейбір бақылаушылардың пікірінше, оның айғақтарын даулы етеді.
Қорғаушылар Қаптаевқа қарсы Нагумановтың сөздері бірқатар деректерге қайшы екенін, қысым арқылы немесе жазаны жеңілдету үшін берілгенін алға тартты. Адвокаттардың пікірінше, бұл айыптау актісінің мазмұнына ықпал етуі мүмкін еді.