СҚО-да пайдаланылмай жатқан 29,8 млрд теңгенің жерлері мемлекетке қайтарылды

Көркем Алдабергенова 17 шіл. 2025 15:24

Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары мемлекет меншігіне 29,8 млрд теңге тұратын пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Прокуратура органдары пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін анықтау және оларды мемлекет меншігіне қайтару бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде.

2025 жылдың басынан бері қадағалаушы орган жалпы ауданы 146 мың гектардан асатын 75 жер учаскесін анықтады, олар мақсатына сай пайдаланылмаған.

Ақжар, Есіл, Ғабит Мүсірепов, Тимирязев және Уәлиханов аудандарында жер пайдаланушылар Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 45 жер учаскесін ұзақ уақыт бойы мақсатты пайдаланбаған.

Петропавл қаласында кәсіпкерлік субъектісі Жер кодексінің талаптарына қарамастан, үш жыл бойы коммерциялық мақсатта бөлінген 123 гектар жер учаскесін пайдаланбаған.

Прокурорлық қадағалау актілерінің негізінде жалпы ауданы 33,2 мың гектарды құрайтын, кадастрлық құны 29,8 млрд теңге болатын 36 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар қайтарылған жерлерді адал ниетті жер пайдаланушыларға беру бойынша жұмыстар жүргізуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар