ШҚО-да өрт сөндіруші пышақ жарақатынан көз жұмды: марқұмның отбасы істің мән-жайын анықтауды талап етті

ШҚО-да өрт сөндіруші пышақ жарақатынан көз жұмды: марқұмның отбасы істің мән-жайын анықтауды талап етті
Фото: Криминальный Казахстан

Шығыс Қазақстан облысында өрт сөндіруші пышақ жарақатынан қаза тапты. Марқұмның туыстары оқиғаның мән-жайына қатысты бірқатар сұрақтың әлі де жауапсыз қалғанын айтып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қайтыс болған азаматтың жұбайының айтуынша, оқиға 7 қаңтарға қараған түні Катонқарағай ауданындағы №27 өрт сөндіру бөлімінің аумағында болған. Оның күйеуі пышақ жарақатын алып, кейін ауруханада көз жұмған.

Әйелдің сөзінше, жараланған ер адамды ауруханаға әріптестері өздері жеткізген. Алайда жедел жәрдем де, полиция да шақырылмаған. Ал отбасы болған жағдайды келесі күні таңертең ғана білген.

Енді марқұмның жақындары сол түні нақты не болғанын және өрт сөндірушінің қандай жағдайда жараланғанын анықтауды талап етіп отыр. Отбасы ер адамның нақты қай жерде жарақат алғанын, оны алғаш кім тапқанын және өрт сөндіру бөліміндегі бейнебақылау камералары неліктен жұмыс істемегенін білгісі келеді.

Сондай-ақ туыстары жаралы азамат ауруханаға жеткізілген көліктің тексерілген-тексерілмегені де белгісіз екенін жеткізді.

Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті аталған дерек бойынша тергеу аяқталғанын хабарлады. Қылмыстық іс сотқа жолданған.