Шығыс Қазақстан облысының Самар ауылында әйелдің айтуынша, бұрынғы күйеуі жұмыс кезіндегі үзіліс кезінде оған пышақпен шабуыл жасаған. Салдарынан алты баланың анасы ауыр жарақат алып, құлағының бір бөлігінен айырылған. Қазір ол ауруханада ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жәбірленушінің сөзінше, бұрынғы жұбайы оған бұған дейін де бірнеше рет қоқан-лоқы көрсеткен. Өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, полицияға бірнеше мәрте жүгінген. Шабуылға дейін әйел әлеуметтік желілерде бірнеше рет видеоүндеу жариялап, өзіне және кәмелетке толмаған алты баласына алаңдайтынын айтып, көмек сұраған.
Оқиғадан кейін жәбірленуші полицияның әрекетсіздігі қайғылы жағдайға әкеле жаздағанын мәлімдеді. Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Күдікті қамауға алынып, қылмыстық істің тергелуі департамент басшылығының бақылауына алынған.