СҚО-да білім бөлімінің басшылары 75 миллионды негізсіз жұмсамақ болған

Көркем Алдабергенова 25 шіл. 2025 11:01

Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары бюджеттің негізсіз шығындарының алдын алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қадағалау органы тексерулер шеңберінде цифрландыруға бөлінген бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуынан көрініс тапқан өрескел бұзушылықтарды анықтады. 

Айыртау, Ақжар, Есіл, Мамлют, Тайынша, Уәлиханов аудандарының және Ғ.Мүсірепов атындағы, Шал ақын аудандарының білім бөлімдерінің лауазымды тұлғалары Бюджет кодексінің талаптарын және Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бұза отырып, білім беру мекемелерін (мектептерді) интернет желісіне қосу бойынша қызметтер көрсетуге 360 млн теңгеден астам сомаға шарттар жасасты.

Бұл ретте нақты көрсетілген қызметтер техникалық ерекшеліктерде көрсетілген сипаттамаларға сәйкес келмеді.

Ақжар ауданында «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының талаптарына қайшы, Горький орта мектебінің мұғалімдері роуторды өз қаражаты есебінен төледі, өйткені берілген интернет төмен жылдамдыққа байланысты параметрлерге сәйкес келмеді.

Прокурорлық қадағалау актілері бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды, қызметтер құнын төмендету туралы қосымша келісімдер жасалды, бұл бюджет қаражатының 75,8 млн теңге сомасына негізсіз шығыстарының алдын алуға мүмкіндік берді.

Облыс прокуратурасы бюджет қаражатын жұмсау кезінде заңдылықты қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар