СҚО-да әкімдік қызметкерлерінің мемлекеттік сатып алудағы заңбұзушылықтары әшкереленді

Қаракөз Амантай 26 қыр. 2025 13:32

Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік сатып алу саласында бірақатар заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қадағалау органының талдау барысында Шал ақын ауданы әкімінің аппаратының лауазымды тұлғалары соттың заңды күшіне енген шешіміне қарамастан, жеткізушіні адал емес қатысушылар тізіліміне енгізу үшін тиісті деректерді жолдамағаны белгілі болды.

"Ұқсас заңбұзушылықтар Аққайың ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде, Мүсірепов пен Уәлиханов аудандарының білім бөлімдерінде, сондай-ақ Ақжар, Қызылжар, Жұмабаев, Шал ақын, Уәлиханов аудандарының әкімдіктерінде және Ақжар мен Уәлиханов аудандарының медициналық мекемелерінде, оның ішінде Психикалық денсаулық орталығында анықталды", – деп атап өтті прокуратура.

Атап айтқанда, Тимирязев ауданында білім бөлімі бір жыл бойы адал емес жеткізуші туралы деректерді уәкілетті органға жіберу шараларын қабылдамаған.

Прокурорлардың араласуынан кейін 15 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылып, 26 адал емес жеткізуші тиісті тізілімге енгізілді. Бұл олардың алдағы уақытта мемлекеттік сатып алуға қатысуына тосқауыл қояды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар