ШҚО-да аю адамға шабуыл жасады

ШҚО-да аю адамға шабуыл жасады
Фото: Жи

Шығыс Қазақстан облысында аю 58 жастағы ер адамға тап берді. Ауыр жарақат алған тұрғын бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатқан, деп хабарлайды dalanews.kz.

YK-news.kz мәліметінше, оқиға биыл шілде айының соңында Риддер маңындағы Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығына жақын орналасқан демалыс базасының жанында болған. Куәгерлердің айтуынша, аю сол аумақта омарташы болып жұмыс істейтін ер адамға тұтқиылдан шабуыл жасаған.

Оқиға орнында болған тағы екі адам аюға қарсы тұрып, зардап шегушіні құтқарып қалған. Осыдан кейін жыртқыш орманға қашып кеткен.

Риддер қалалық ауруханасының мәліметінше, ер адамның басы, қолы мен аяғына көптеген ауыр жарақат түскен. Сондай-ақ оның қолы мен аяғы сүйектері ығысып, ашық сынған. Науқас бірнеше күн жансақтау бөлімінде ем қабылдап, кейін травматология бөліміне ауыстырылған. 19 тамызда ауруханадан шығарылған тұрғын қазір үйінде емін жалғастырып жатыр.

Оқиғадан кейін аумаққа қаруланған инспекторлар жіберіліп, адам өміріне қауіп төндірген аюдың көзі жойылған.

«Аюдың адамға нақты не себепті шабуыл жасағанын айта алмаймын. Қазір бұл аумақта қауіп жоқ. Биыл тұрғындардан аюларға қатысты өтініш өте көп түсіп жатыр. Біз оқиға орнына барып, оларды үркітіп қайтарамыз. Ал адам өміріне тікелей қауіп төнген жағдайда атуға тура келеді. Бұған дейін аюлардың малға шапқан немесе адамдарға тым жақын келген кездері болған. Алайда менің тәжірибемде адамның өзіне шабуыл жасаған алғашқы жағдай осы», – деді орман және аңшылық шаруашылығы жедел әрекет ету жасағы бастығының орынбасары Сергей Карманников.

Маманның сөзінше, кейінгі жылдары өңірдегі аюлар саны көбейген. Былтыр ұрғашы аюлардың әрқайсысы екі-үштен қонжық ерткен жағдайлар жиі байқалған.

Сонымен бірге соңғы екі жылдағы үсік пен құрғақшылық салдарынан орманда жидек пен самырсын жаңғағы азайған. Азық тапшылығына ұшыраған жыртқыштар қоқыс орындарына, қараусыз қалған саяжайлар мен тұрғындардың бау-бақшасына келіп, қорек іздеуге мәжбүр болып отыр.