СҚО-да 225 млн теңге негізсіз жұмсалмақ болған

Көркем Алдабергенова 02 сәу. 2026 13:11

Солтүстік Қазақстан облысын 225 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражаты негізсіз жұмсалмақ болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында прокуратура органдары тарапынан құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Жүргізілген талдау барысында «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының талаптарын өрескел бұзу фактілері анықталды.

Атап айтқанда, Жамбыл ауданында аудандық Экономика және қаржы бөлімінің лауазымды тұлғалары Заң талаптарын бұза отырып, тиісті жер учаскелеріне құқық белгілейтін құжаттар болмағанына қарамастан, көше-жол желісін орташа жөндеу бойынша 213,8 млн теңге сомасына мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асырған.

Тайынша ауданында Білім бөлімі тарапынан педагог қызметкерлердің медициналық тексерулерін өткізу қызметтерін 13 млн теңге сомасына сатып алу жүргізілген. Алайда аталған сатып алуға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ-131/2020 бұйрығымен көзделмеген дәрігерлердің (терапевт, дерматовенеролог, невропатолог) тексерістері, сондай-ақ зертханалық зерттеулер мен қарау кабинетінің қызметтері енгізілген.

Прокурордың наразылықтары бойынша жоғарыда аталған мемлекеттік сатып алулардың күші жойылды, кінәлі лауазымды тұлғаларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдануда.

Жалпы, ағымдағы жылдың басынан бері аталған салада прокурорлар 17 мемлекеттік сатып алуды тоқтатты, нәтижесінде сомасы 225 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove