Спорт академиясы мен Халықаралық Тоғызқұмалақ федерациясы меморандумға қол қойды

Ақтоты Жапатова 04 мау. 2025 10:36

2025 жылғы 3 маусым күні  Астана қаласында Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы және  Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясы ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол қойды, – деп хабарлайды Dalanews.kz 
 
Меморандумның басты мақсаты — қазақ халқының ұлттық интеллектуалды спорты болып табылатын тоғызқұмалақты жан-жақты дамыту, оның тарихи-мәдени құндылығын насихаттау, кадрлық әлеуетті күшейту және спорттық білім мен ғылым саласындағы өзара ынтымақтастықты кеңейту.
 
 
Құжатқа Академия ректоры, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Қуангалиева Тұрсынзада Қуанғалиқызы және Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Байменов Әлихан Мухамедияұлы қол қойды.
 
Келісім аясында тараптар келесі бағыттар бойынша бірлесе жұмыс істейді:
•тоғызқұмалақ спорты бойынша кадрлар даярлау және резерв қалыптастыру;
•кәсіби білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру;
•бірлескен ғылыми, әдістемелік және білім беру жобаларын іске асыру;
•волонтерлік қозғалысты дамыту және спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу;
•спорттық білім беру саласында инновацияларды енгізу.
 
Серіктестік шеңберінде Академияда тоғызқұмалақпен байланысты мамандықтар бойынша жаңа білім беру бағдарламалары қолдау табады. Атап айтқанда, жаттықтырушылық қызмет, спорттық оңалту, үстел спорт түрлері бойынша педагог-жаттықтырушы (шахмат), спорттық менеджмент және бейімдік дене тәрбиесі бағыттары ерекше назарға алынған.
 
Қол қою рәсіміне Академия басшылығы мен құрылымдық бөлімшелердің өкілдері қатысты:
•Касенов Ханат Нұрбикұлы – Академиялық қызмет жөніндегі проректор, PhD, профессор
•Азербаев Дәулет Нұрболатұлы – Спорттық білім беру және коучинг департаментінің директоры
 
Бұл ынтымақтастық – тоғызқұмалақтың халықаралық деңгейдегі дамуына, ғылыми зерттеулердің тереңдеуіне және отандық спорт кадрларының кәсіби біліктілігінің артуына жол ашады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар