Назарбаевтар әулетіне жақын дінтанушы әрі қоғам қайраткері Бейбіт Сапаралы бұрынғы президенттің туыстарына қатысты ренішін айтты, деп dalanews.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол бұл туралы 2025 жылы "Sadaq" медиа агенттігінің "Дүрбі" жобасына берген сұхбатында айтқан еді.
Бейбіт Сапаралының сөзінше, Нұрсұлтан Назарбаев 2014-2015 жылдардан бастап жақындарына бірнеше рет ескерту жасаған. Ол бұрынғы президенттің туыстарына қатысты кейбір әрекеттеріне көңілі толмағанын жеткізді.
"Нұрсұлтан Назарбаев өзінің айналасына, туыстарына 2014-2015 жылдан бастап: "Ештеңеге араласпаңдар, ештеңеге бармаңдар, біреудің бір нәрсесін тартып алмаңдар, әлімжеттік жасамаңдар. Біздің атағымызды пайдаланып, бір нәрсе істемеңдер" деп қатты айта бастады. Мынау COVID-тен кейін біраз уақыт өтті ғой. Болат Назарбаевтың әйелі қайтыс болды. Басқа нәрселер болды. Бөкеңнің өзі ол кезде ауырып жүрді. Сол кезде куә болғандардан бір естігенім… Ол жерде Елбасының өзі болған. Інісі Болат, қарындасы Әнипа, сосын Самат болған. Қайрат Сатыбалды ол кезде түрмеде еді. Сол кезде ол кісі (Нұрсұлтан Назарбаев – ред.) қатты өкпелеп, іште жиналып қалған ренішін айтты деп естідім. "Сендер мынадай нәрсені бүйттіңдер, мына жерде осындай ақау жібердіңдер. Маған сөз келтіріп жатсыңдар. Маған жақсылық жасаудың орнына, сөз келтіріп жатсыңдар. Мен қанша рет ескерттім?" деп, ол кісі қатты-қатты ашуланған екен", – деді Бейбіт Сапаралы.