Соталған вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов жұмысқа орналасты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Олар қазір сот үкіміне сәйкес, қауіпсіздігі төмен мекемеде жазасын өтеп жатыр. Оларға жұмыс уақытында колониядан шығуға рұқсат етілген.
"Сотталғандар Алматыдағы ұйымдарда мекеме әкімшілігі мен жұмыс беруші арасындағы келісімшарт негізінде жұмысқа орналастырылды. Қауіпсіздігі төмен мекемелерде сотталғандар күн тәртібі аясында жұмысқа шығып, колонияға қайта оралады. Мекеме әкімшілігі олардың келіп-кетуі барысында заң талаптарын сақтау және оны бұзудың салдары туралы профилактикалық әңгімелер жүргізіп тұрады", - деді ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті өкілдері.
Сондай-ақ, қауіпсіздігі төмен мекемелерде қарапайым жағдайда жазасын өтеп жатқан сотталғандар жатақханаларда тұратыны белгілі болды.
"Оларға мекеме аумағында айына бір қысқамерзімді және бір ұзақмерзімді кездесу өткізуге рұқсат етіледі", - деп толықтырды ҚАЖК.
Төребаев пен Шерниязов Mudarabah Capital қаржылық пирамидасы ісі бойынша сотталған болатын. 2023 жылы 23 маусымда вайнерлерден бөлек қаржылық пирамидасына қатысы бар тағы бірнеше адамға сот үкімі шықты.
Айыпталушы - 12 адам. Оның ішінде танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов бар. Төребаев пен Шерниязовтан басқа сотталушылардың барлығы дерлік Қылмыстық кодекстің 262-бабы бойынша ("Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу") кінәлі деп танылды.
Вайнерлер тек 217-бап (Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкімімен күдіктілерге бас бостандығынан айырудың түрлі мерзімдері тағайындалды.
Сот үкімі бойынша Мейірхан Шерниязов бір бап бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға, Мейіржан Төребаев та тек бір бап бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталды.