Бүгін Алматыда екі қылмыстық іске қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Онда сотталған азаматтардың туыстары, адвокаттар мен тәуелсіз сарапшылар тергеу мен сот барысында процессуалдық заң бұзушылықтарға жол берілгенін мәлімдеп, шығарылған үкімдерге қатысты өз уәждерін ортаға салды. Жиында Абай облысында 25 жылға бас бостандығынан айырылған Ержан Есіркеновтің және Семейде сотталған Рауан Қадырмоллаевтың істері сөз болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Іске қайта баға берілуі керек
Абай облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ержан Есіркеновті Қылмыстық кодекстің 120-бабының 4-бөлігі және 121-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 25 жылға бас бостандығынан айырған. Іс материалдарына сәйкес, оған жасөспірім қызды зорлау және жыныстық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасады деген айып тағылған.
Баспасөз мәслихатында Ержан Есіркеновтің әпкесі Бақытгүл Есіркенова үкіммен келіспейтінін айтып, бірнеше жылдан бері ағасының кінәсіз екенін дәлелдеуге тырысып келе жатқанын жеткізді.

Оның айтуынша, жәбірленуші полицияға 2023 жылы жүгініп, өзіне қатысты зорлық 2020–2021 жылдары жазғы демалыс кезінде болғанын мәлімдеген.
“Ағам таңертең картоп қазуға бара жатқанда, қыз “мен де барамын” деп бірге еріп кеткен. Кейін дәл сол жерде зорланғанын айтқан. Бірақ содан кейін ешқандай қарсылық білдірмей, атқа мініп, ауылға қайтқан. Біз осы мән-жайлардың барлығына сот толық құқықтық баға беруі керек еді деп есептейміз”, – деді Бақытгүл Есіркенова.
Бақытгүл тергеу кезінде алынған матрастарға жәбірленушінің өзі, анасы, тергеуші және басқа да адамдар қол тигізгенін атап өтті.
“Біз дәлелдемелердің сақталу тәртібі толық сақталды ма деген сұрақ қоямыз. Себебі заттай дәлелдемелерге бірнеше адамның қолы тиген”, - деді ол.
Сонымен қатар ол биологиялық және молекулалық-генетикалық сараптамалардың қорытындыларымен келіспейтінін жеткізді.
“Сараптама барысында бірінші және төртінші қан тобына жататын екі ер адамның биологиялық іздері анықталған. Алайда бұл іздердің кімге тиесілі екені толық нақтыланбағанына қарамастан, тергеу айыптауды негіздеу кезінде Ержан Есіркеновке қатысты қорытындыларға сүйенген”, - деді қоғамдық қорғаушы.
Психологиялық сараптаманың қорытындысы да ескерілмеген
Аталған іс аясында мемлекеттік криминалистикалық-психологиялық сараптама да жүргізілген.
Есіркенованың айтуынша, сарапшылар Ержан Есіркеновтен педофилия белгілерін анықтамаған. Сонымен қатар сарапшы-психолог жәбірленушінің шындық айтып отырғанын немесе өтірік айтып отырғанын анықтау оның құзыретіне кірмейтінін көрсеткен.
“Соған қарамастан, сот үкімінде бұл қорытындылар өзгеше түсіндірілген. Айыптау актісінде Ержан Есіркенов алдын ала дайындалып, мәтінді жаттап келген деген тұжырым жазылған. Бірақ мемлекеттік сарапшы керісінше, оның жауаптарынан жатталған мәтіннің белгілері байқалмайтынын көрсеткен. Ал сот үкімінде психолог жәбірленушінің сөзінің шынайылығын растады деп жазылған. Біздіңше, бұл – сарапшы қорытындысын бұрмалау”, – деді Бақытгүл Есіркенова.
11 заң бұзушылықты көрсеттік
Бақытгүл Есіркенованың айтуынша, қорғаушы тарап іс бойынша жалпы саны 11 процессуалдық заң бұзушылықты анықтаған.
Олардың қатарында кәмелетке толмаған жәбірленушіден жауап алу кезінде қорғаушы тараптың қатыстырылмауы, аудармашының жұмысына қатысты күмән, сондай-ақ оқиға орнында жауаптарды тексеру кезінде прокурордың жәбірленушінің жауабына араласуы бар.
“Бейнежазбада прокурордың “осылай болды ғой?”, “солай ма?” деген сияқты сұрақтар қойып, жәбірленушінің жауабына бағыт беріп отырғаны көрінеді. Кейін біз сол прокурорды сотқа куә ретінде шақырдық”, – деді ол.
Бақытгүл Есіркенованың айтуынша, қорғаушы тарап Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсірген. Олар бірінші және апелляциялық сатыда толық зерттелмеген дәлелдемелерге, сондай-ақ кейін дайындалған тәуелсіз сарапшылардың қорытындыларына құқықтық баға беріледі деп үміттенеді.
“Біздің басты талабымыз – істі әділ әрі жан-жақты қайта қарауға жол ашу. Біз ешкімді ақтауды емес, барлық дәлел толық зерттеліп, заң талаптарына сай әділ шешім қабылдануын сұраймыз”, – деді Бақытгүл Есіркенова.
Үкім тек бір тараптың сөзіне сүйенбеуі керек
Адвокат Ермек Тілеукеевтің айтуынша, қорғаушы тарап қазіргі уақытта Жоғарғы сотқа кассациялық шағым берген.
Адвокат іс материалдарында көптеген дәлел болғанымен, сот үкімінің негізгі өзегі ретінде кәмелетке толмаған жәбірленушінің айғақтары алынғанын алға тартты.
“Егер кінәні дәлелдейтін нақты әрі бұлтартпас дәлелдер болса, заң өз жұмысын істеуі тиіс. Бірақ үкім тек жәбірленушінің сөзіне негізделмеуі керек. Оны растайтын басқа да объективті дәлелдер болуы қажет”, – деді Ермек Тілеукеев.
Айтуынша, қорғаушы тарап ұсынған кейбір сараптамалар мен қорытындылар бірінші сатыдағы сотта ескерілмеген.
Сот сарапшысы не айтты?
Баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Сот сарапшылары палатасының мүшесі Жанаргүл Дүйсенова Ержан Есіркеновтің ісіндегі сот-биологиялық және молекулалық-генетикалық сараптамалардың қорытындыларын зерттегенін айтты.
Оның сөзінше, мұндай зерттеулер белгілі бір ретпен жүргізілуі тиіс. Алдымен сот-биологиялық сараптама арқылы биологиялық іздердің түрі анықталып, содан кейін ғана сол материалдар негізінде молекулалық-генетикалық зерттеу жасалады.
“Әр сараптаманың өз міндеті мен өз әдістемесі бар. Сот-биологиялық сараптама биологиялық іздің табиғатын анықтайды, ал молекулалық-генетикалық сараптама сол нәтижелерге сүйене отырып ДНҚ сәйкестігін зерттейді. Сондықтан әр сарапшы өз құзыреті шегінде ғана қорытынды жасауы керек”, – деді Жанаргүл Дүйсенова.
Сарапшының айтуынша, іс материалдарын зерттеу барысында сот-биологиялық және молекулалық-генетикалық сараптамалардың арасында назар аударуды қажет ететін жайттар анықталған.
Ол сот-биологиялық сараптамада бірінші матрастан алынған бірнеше үлгіде бірінші қан тобы анықталғанымен, бұл антигендердің күдіктіге тән еместігі қорытындыда көрсетілмеген.
“Сот-биологиялық сараптамада бірінші матрастан алынған 15, 17 және 19-нөмірлі үлгілерде бірінші қан тобы анықталған. Бірақ бұл антигендердің күдіктіге тән емес екені қорытындыда көрсетілмеген”, – деді сарапшы.
Жанаргүл Дүйсенованың пікірінше, кейін дәл осы материалдар молекулалық-генетикалық сараптамаға жіберілгенімен, зерттеу барысында бірнеше биологиялық үлгі біріктіріліп қаралған.
“Меніңше, генетикалық сарапшы сот-биологиялық сараптаманың бастапқы қорытындыларын толық зерделемеген. Бірінші матрастан алынған бірнеше үлгіні біріктіріп зерттеген. Бұл зерттеу әдістемесінің талаптарына толық сәйкес келмейді деп есептеймін”, – деді ол.
Сарапшының айтуынша, әрбір биологиялық із жеке-жеке зерттелуі қажет. Себебі олардың шығу тегі әртүрлі болуы мүмкін және бірнеше үлгіні біріктіру кейінгі ДНҚ-сараптамасының нәтижесіне әсер етеді.
“Осындай жағдайларда молекулалық-генетикалық сараптаманың қорытындыларына құқықтық баға берген кезде зерттеу әдістемесінің толық сақталғанына ерекше назар аудару қажет”, – деді Жанаргүл Дүйсенова.
Екі жігіттен ақша сұраған
Баспасөз мәслихатында Рауан Қадырмоллаевтың ағасы Қуанышбек Қадырмолла да сөз сөйлеп, інісінің ісі бойынша қорғаушы тараптың ұстанымын жеткізді.
Оның айтуынша, оқиға 2023 жылы болған. Сол кезде туған інісі Рауан Қадырмоллаев пен оның досы колледждегі емтиханға дайындалып жүрген. Емтиханға бір күн қалғанда олар онлайн сайттан бір қызбен танысады.
Қуанышбектің сөзінше, сол жерде өзін 18 жастамын деп таныстырған бойжеткен екі жігітті үйіне шақырған. Алайда екеуі келесі күні емтихан тапсыратынын айтып, барудан бас тартқан. Кейін қыз олардың үйіне баруға өтініш жасаған.
“Үйге келген қызға екі жігіт қолдарын да тигізбеген. Тек әңгімелескен. Біраз уақыттан кейін ол бөлмеден шығып, қайта келгенде аяғында бөртпе байқалған. Інімнің досы медицина мамандығында оқығандықтан, қалжың ретінде “қарап көрші” деген. Сол кезде қыздың өзі аяғын көрсеткен. Сөйтіп қыздың аяғын тексермек болған досы бөртпені ЖИТС-қа ұқсатып, шошып кеткен. Кейін ол біреуге телефон шалып, “кеше сенімен бірге болғаннан кейін аяғым осылай болып кетті” деп сөйлескен. Осыдан кейін екі жігіт мазасызданып, оны таксимен үйіне шығарып салған”, – деді Қуанышбек Қадырмолла.
Оның айтуынша, осы оқиғадан шамамен төрт күн өткен соң бойжеткен екі жігіттен ақша талап ете бастаған. Егер ақша бермесе, полицияға арыз жазатынын айтқан.
“Інім мен оның досы ешқандай заңсыз әрекет болмағанын айтып, ақша беруден бас тартқан. Осыдан кейін қыз “онда арыз жазамын” деп полицияға жүгінген”, – дейді ол.
Қуанышбектің сөзінше, қыз WhatsApp-тағы хат алмасуды өзіне тиімді тұстарын сақтап қалып, қалған бөлігін өшіріп үлгерген. Ал жігіттердің өздерін ақтайтын жазбалары жоғалып кеткен.
Ол арада бір апта өткен соң полиция қызметкерлері келіп, екі жігітті алып кеткенін айтты.
“Біз жеке адвокат жалдауға тырыстық. Бірақ біз үлгергенше полиция өздері мемлекеттік адвокатты кіргізіп қойған. Сол кезде барлық тергеу әрекеттері жүргізіліп, сараптамаларға дейін жолданып қойған екен”, – деді Қуанышбек Қадырмолла.
Оның айтуынша, полиция бөлімінде тергеушілер екі жігітке қысым көрсеткен.
“Алдымен “ештеңе болмағанын айтпаңдар” деді. Кейін “болды деп мойындасаңдар, кешке үйлеріңе қайтасыңдар” деп сендірген. Жас балалар соған сеніп, тергеушілер қалай айтса, солай жауап берген”, – дейді ол.
Қуанышбек Қадырмолланың айтуынша, біраз уақыттан кейін ғана отбасы жеке адвокат жалдаған. Алайда сол уақытқа дейін негізгі тергеу әрекеттері жүргізіліп, маңызды процессуалдық шешімдер қабылданып қойған.
“Біз тергеу кезінде қысым болған деп санаймыз. Сондықтан бұл іске де кассациялық сатыда жан-жақты құқықтық баға беріледі деп үміттенеміз”, – деді ол.
Осы тұста, Ермек Тілеукеев азаматтардың құқықтық сауатын арттыру мәселесіне де тоқталды. Ол тергеу барысында әрбір адамның адвокат шақыруға және жауап беруден бас тартуға құқығы бар екенін алға тартты.
“Ешкім істемеген қылмысын мойындамауы керек. Кейде “мойындай сал, бәрі жақсы болады” деген кеңестер беріледі. Бұл – заңға қайшы. Әр адам өзінің құқықтарын біліп, заң аясында қорғана алуы тиіс”, – деді ол.
Адвокаттың пікірінше, егер тергеу барысында қысым көрсетілді немесе күш қолданылды деген күдік болса, ол міндетті түрде тіркеліп, тиісті сараптамалар жүргізілуі қажет.
Жоғарғы сотқа қандай уәждері бар?
Баспасөз мәслихатына сотталған азаматтардың туыстары Жоғары соттан қылмыстық істерді кассациялық тәртіппен қайта қарап, барлық дәлелдемеге толық әрі объективті құқықтық баға беруін сұрады.
“Біз сот барлық дәлелді қайта қарап, заң талаптарына сай әділ шешім қабылдасын деп отырмыз”, – деді олар.
Осы іске байланысты Dalanews.kz ақпарат агенттігі Абай облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына ресми сауал жолдады.