Соңғы қоңыраудағы "гүл жарыс": депутат шара қабылдауды сұрады

Соңғы қоңыраудағы "гүл жарыс": депутат шара қабылдауды сұрады
видео кадры

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы мектеп бітіру кештерін өткізудің бірыңғай тәртібін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, биыл оқу жылын 3,9 миллионнан аса оқушы аяқтаса, олардың 215 мыңнан астамы - мектеппен қоштасқан түлектер. Депутат мектеп бітіру рәсімі білімге құрмет пен ұстаз еңбегін бағалайтын маңызды мереке болуы керек деген пікірде. Алайда депутат кейінгі жылдары бұл шара тәрбиелік мәнінен алыстап, артық сән-салтанат пен әлеуметтік бәсекенің көрінісіне айналып бара жатқанын айтты.

Ол биыл мектеп бітірушілерге арналған үлкен гүл шоқтары мен қымбат сыйлықтар жарысы қоғамда қызу талқыланғанын атап өтті. Әлеуметтік желілерде жүздеген гүлден жасалған композициялар мен қымбат сыйлықтар қалыпты құбылыс ретінде көрсетілген.

"Биыл қоғамда ерекше талқыланған тағы бір құбылыс: мектеп бітіруші түлектерге арналған алып гүл шоқтарының жарысы болды. Әлеуметтік желіде жүздеген гүлден құралған композициялар, қымбат сыйлықтар мен салтанатты рәсімдер қалыпты жағдай ретінде көрсетілді. Өкінішке қарай, мұндай бәсеке көптеген отбасыға ауыр психологиялық және қаржылық қысым түсіргені анық. Кейбір ата-аналар баласы қатарынан қалмауы үшін қарыз алуға, бөліп төлеуге гүл немесе сыйлық алуға мәжбүр болғаны ашық айтылып жатыр. Бұл жағдай әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары арасында психологиялық тұрғыда оңай болмайтыны белгілі", - деді ол.

Осы тұста Жарқынбек Амантайұлы мектеп бітіру іс-шараларын өткізудің бірыңғай тәрбиелік стандартын әзірлеуді ұсынды.