Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында 13 жастағы қызды алдап әкетіп, заңсыз ұстап, зорлады деген күдікпен 40 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға 1 шілде күні кешкі сағат 18:00 шамасында болған. Кәмелетке толмаған қыз дүкеннен шыққан кезде 40 жастағы ер адам оған мотоциклмен серуендеуді ұсынып, алдап өзімен бірге алып кеткен.
Осылайша күдікті қызды ауыл сыртына шығарып, сол жерде заңсыз ұстап, зорлаған. Оқушыны іздеу жұмыстары түні бойы жалғасқан. Тек таңғы сағат 05:00 шамасында қыз ауылдан тыс жерден табылған.
Қазіргі уақытта қылмыс жасады деген күдікпен ер адам құқық қорғау органдары тарапынан ұсталды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Жасалған қылмыстың ауырлығын ескере отырып, күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.