Солтүстік Қазақстан облысында су астында қалған 44 үй бар деп хабарлайды аймақтық төтенше жағдайлар департаменті.
Ондағы мәлімет бойынша, Қызылжар ауданындағы Тепличный ауылынан 20 мың 800 текше метр, Прибрежный ауылынан 3 мың 200 текше метр су сорып шығарылған. Петропавл қаласының іргесіндегі Заречный ауылынан 6 мың 69 текше метр, Былғары зауыт шағын ауданынан 15 мың 141 текше метр, Ойқала шағын ауданында 24 мың 750 текше метр су сорып алынған. 16 мамыр күнгі ақпарат бойынша Есіл өзеніндегі Сергеев бөгенінде су деңгейі 6 сантиметрге төмендеген.
11 мамыр күнгі ресми ақпарат бойынша 234 үйді су басып тұрған болатын.
СҚО билігі мен төтенше жағдайлар қызметі өңірде су деңгейі төмендеп келе жатқанын бұған дейін де хабарлаған. Бірақ тұрғындар судың беті қайтып жатыр дегенге сенбейтінін айтқан.