2024 жылдың қазанынан осы жылдың қаңтарына дейін Солтүстік Арал теңізіне 1 млрд текше метр су жіберілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл жоспарланған көлемнен 100 млн текше метрге артық.
2025 жылдың соңына қарай теңіздегі су көлемі 23,4 млрд текше метрге дейін жетеді деп күтілуде.
Қызылорда облысының күріш алқаптарын лазерлік жоспарлаушымен тегістеу және су үнемдеу технологияларын пайдалану шамамен 200 млн текше метр су үнемдеп, оны Солтүстік Аралға жіберуге мүмкіндік берді.
Орташа өнімділік гектарына 40-55 центнерден 70-80 центнерге дейін артты.
Үлкен Арал теңізінің тартылған аумағын қалпына келтіру үшін 4,4 млн көшет отырғызылды.
2025 жылдың соңына қарай Арал теңізі табанын көгалдандырудың жалпы көлемі 1,1 млн гектарға жетуі тиіс.
Еске салайық, бұған дейін Аралдың құрғақ аймақтарына орман отырғызылатынын хабарлаған едік.
Жобада КАТКО, француз мемлекеттік компаниясы «Orano Mining SA» мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» акционерлік қоғамының бірлескен кәсіпорны және басқа да ұлттық және жеке компаниялар орман отырғызу жұмыстарын ұйымдастыруда белсенді қатысуда. Жобаның негізгі мақсаты – жерлердің одан әрі деградациясының алдын алу, экологиялық жағдайды жақсарту.
Бүгінгі күнге нәтижелер:
- 522 тонна тұқым жинақталды.
- 2024 жылғы 16-30 желтоқсан аралығында 12 000 гектарға егін егу жұмыстары жүргізілді.
- 2025 жылғы қаңтар мен ақпан айларында 108 000 гектарға егін егу жоспарлануда.
- 2025 жылғы наурызда 16 492 гектарға сексеуіл тұқымдас ағаштар отырғызу жоспарланған.