"Соғыс өрті Каспий маңындағы көршілес ел аумағынан шықты". Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуал туралы айтты

Сағыныш Сардарова 12 нау. 2026 14:32

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, өткен екі апта әлемдік қоғамдастыққа дүрбелең шын мәнінде қаншалық қауіпті екенін әрі тұтқиылдан келетінін анық көрсеткен.

"Планетамыздың тіршілігінде тұрақсыздық белең алды. Тіпті экономикасы ілгері, орнықты мемлекеттердің өзі әп-сәтте жаһандық қақтығыстың, әр нәрсені өз атымен айтар болсақ, соғыстың ортасында қалды. Соғыс өрті іргемізден, яғни Каспий маңындағы көршілес ел аумағынан шықты. Таяу Шығыстағы ахуал ушығуы қазірдің өзінде жаһандық қауіпсіздіктің іргесін шайқап, әлем экономикасына зардабын тигізгені анық. Көшбасшы мемлекеттер жетекшілері арасындағы сенім дағдарысы күшеюі, ірі елдер мен блоктар жік-жікке бөлінуі, ынтымақ-бірлікте өмір сүру психологиясы мен принциптері тоқырауға ұшырауы, халықаралық құқық сақталмауы, БҰҰ беделі бұрын-соңды болмаған деңгейге төмендеуі бүгін бастан кешіп отырған қатерлі жағдайға себеп болды", - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, осыдан он жыл бұрын саясаткерлер әлем жолайрықта тұрғанына, кімнің қалай бағыт алатынын білмейтініне алаңдаушылық танытатын.

"Ал қазір жұрттың бәрі дүниежүзілік соғыс табалдырығымызда тұрғанын айтып отыр. Бұл барлық мемлекеттің мүддесіне зиян келтірмек. Геосаяси, әскери, экономикалық, технологиялық және климаттық сын-қатерлер өрши түсіп, әлемді әбігерге салды. Осындай күрделі кезеңде Қазақстан азаматтары сабыр сақтап, ел ішіндегі және тысқары жерлердегі арандатуларға бой алдырмауы керек. Ең бастысы жаратқан берген батылдық, ар-намыс, ақыл-парасат сияқты қасиеттерімізді танытқан жөн. Президент ретінде саяси-дипломатиялық тәсілдердің бәрін қолдана отырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бар күшімді саламын", - деді Тоқаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove