Словакияның премьер-министріне қастандық жасалды

Dalanews 16 мам. 2024 10:44 2023

15 мамырда Словакияның премьер-министрі Роберт Фицоға қастандық жасалды. Түрлі медиа премьерге операция жасалғанын хабарлады, - деп хабарлайды Dalanews.kz

15 мамырда кешкі уақытта 59 жастағы Фицоға үш сағаттай операция жасалғаны, жағдайы ауыр екені хабарланған болатын.

«Премьер-министрдің жағдайы ауыр, өміріне қауіп төніп тұр», - деген еді елдің ІІМ басшысы.

Ал вице-премьер Томаш Тараба BBC-ге берген сұхбатында премьердің өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ екенін жеткізген.

«Менің білуімше, операция сәтті өтті. Аман қалады», - деді вице-премьер.

Премьер-министр Роберт Фицоға күндізгі уақытта Гандлова қаласында қастандық жасалған. Ол үкімет отырысынан шыққан кезі болатын. Премьер тұрғындармен сөйлесуге келе жатқан кезде белгісіз біреу Фицоға бірнеше рет оқ атып жіберген.

Күзетшілер жараланған премьерді көлікке отырғызып алып кеткен. Ал полиция қастандық жасаған адамды бірден ұстап алған.

Бастапқыда жергілікті билік шабуыл жасаған адамның кім екенін айтпаған еді. Артынша журналистер қастандық жасаған адам 71 жастағы жазушы және саяси қайраткер екенін анықтап алған. Көп ұзамай бұл ақпаратты ішкі істер министр растаған. Министрдің сөзінше, вице-премьер ішіне оқ тиген.

«Бастапқы ақпарат бойынша, оның қастандық жасауында саяси астар болуы мүмкін»,  - дейді министр.

Айта кетейік, бұл жайтқа қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдірген болатын. Ол Словакия Премьер-министрі Роберт Фицоға қастандық жасалуына байланысты бұл террорлық әрекетті қатаң айыптайтынын және мұндай қараулықты мүлде ақтауға болмайтынын мәлімдеді.

"Қазақстан мен Словакияны ұзақ жылғы достық пен өзара тиімді ынтымақтастық қатынастар байланыстырады. Бұл игілікті істе Премьер-министр Роберт Фицо елеулі рөл атқарды.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Роберт Фицоның тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді",-  делінген Ақорда хабарламасында.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар