Ақсу аудандық әкімдігінің мәліметіне қарағанда, көктем басталғалы өңір тұрғындары ағаш отырғызу ісіне белсене кіріскен. Бүгінге дейін аудан аумағында өрік, үйеңкі, қарағаш, алма, туя, қарағай, шырша көшеттері егіліпті. Жалпы биылғы жылы ауданда 12 мыңнан астам ағаш отырғызу көзделген. Жоспарға сәйкес ауыл тұрғындары 800 түп алма ағашын егіп отыр.
Алма ағаштар ауылдың ішіндегі бос жатқан жерлерге, Ғ.Мұратбаев атындағы мектептің ауласына, тұрғын үй аулаларына отырғызылды. Енді оларды күтіп баптау әкімдікпен бірге әрбір маманның, әр тұрғынның жауапкершілігінде.
– Жердің тоңы жібіген кезде шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені, жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырақ жайған саялы баққа айналады. Біз жыл сайын ағаш отырғызу, күтіп-баптау жұмыстарына тұрақты айрықша көңіл бөлеміз. Соның ішінде жеміс ағаштарына ерекше назар аударып отырмыз. «Бағбан болсаң, бақ өсір, балама деп тағы өсір» дейді ғой. Енді сол ағаштарды күтіп-баптауды үлкендерден бастап балаларға дейін парыз санап, әр тұрғын жауапкершілікпен қараса, бұл іс өз жемісін береді ғой деп ойлаймын, – дейді Б.Сырттанов ауылдық округінің әкімі Бекзат Ермұханбетов.
Еске салсақ, Алматы облысында санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру айлығы жүруде. Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының ақпаратына сәйкес өңірдің елді мекендерінде көгалдандыру және жасыл аймақтар құру жөніндегі жол картасы бекітілген. Соның аясында жергілікті атқарушы органдар аумақты тазарту бойынша 3 сенбілік өткізіп, 19,3 мың көшет отырғызды.