Сыр өңірінде миллиардтарды жымқырған шенеуніктердің қылмысы әшкереленді

Қаракөз Амантай 13 ақп. 2024 11:27 4127

2024 жылдың 7 ақпанында Жаңақорған аудандық соты "Жаңақорған ауданының білім бөлімі" ММ басшысы Б. Ибрагимовқа, бас бухгалтері К. Аязбаеваға және 24 мектептің бухгалтерлеріне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Антикор" ақпараттық бюллетенінде атап өтілгендей, олар аса ірі көлемде жалпы сомасы миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деп айыпты деп танылды.

"Сот үкімімен мекеменің басшысына және бас бухгалтеріне 8 жыл бас бостандығынан айыру, мектеп бухгалтерлерінің біріне – жас баланың асырауында болуына байланысты 5 жыл мерзімге жазасын кейінге қалдыра отырып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар сотталғандар мемлекеттік қызметте және өзге де ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу барысында еңбекақы төлеу қорынан қаражат жымқырумен байланысты тұрақты қылмыстық схемаларды ашты:

қызметкерлерге жалақы оның лауазымынан қарағанда әлдеқайда көп аударылған;

жалақы білім беру мекемелерінде ресми түрде тіркелмеген адамдарға берілген;

қызметкердің карт-шоттарына жалақы есептеліп, ал төлем құжаттарында басқа тұлғаның деректері көрсетілген;

бір адамға ақша аударымдарын бірнеше рет қайталаған;

"өлі жандарға" - туыстары мен жақындарына ақша аударған.

Бухгалтерлер мектептің бухгалтерлік есеп жүйелері, ұлттық білім беру базасы және "Қазынашылық-клиент" жүйесі арасындағы интеграцияның жоқтығын пайдаланған. Олар төлем құжаттарына қолмен түзетулер енгізіп, бюджет ақшасын жымқырған.

Жыл сайынғы бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру кезінде жымқырылатын қаражаттар белгіленген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар