Freedom Inside '26

Сингапур моделі қарастырылып жатыр: Қазақстанның жаңа зейнетақы жүйесі қандай болуы мүмкін?

Сингапур моделі қарастырылып жатыр: Қазақстанның жаңа зейнетақы жүйесі қандай болуы мүмкін?
фото: azattyq-ruhy.kz

Қазақстанда зейнетақы жүйесін реформалау барысында Сингапурдың тәжірибесін енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, министрлікке зейнетақы жүйесін жетілдіруге қатысты бірқатар қосымша ұсыныс түскен. Соған байланысты реформа бойынша жұмыс әлі де жалғасып жатыр.

“Сингапур моделі де жинақтаушы жүйеге негізделген. Бұл жүйеде азаматтар міндетті түрде қаражат жинайды. Бірақ сол жинақты тек зейнетақы үшін емес, тұрғын үй сатып алуға да пайдалануға болады”, – деді Асқарбек Ертаев.

Министрлік өкілінің сөзінше, әзірге нақты бір модель таңдалмаған. Қазір ұсынылған барлық нұсқа жан-жақты сараланып жатыр. Соның нәтижесінде Қазақстан үшін ең тиімді тәсіл таңдалып, зейнетақы реформасының түпкілікті нұсқасы әзірленбек.

“Барлық ұсынысты саралап, олардың тиімді тұстарын біріктіреміз. Соның негізінде еліміздің зейнетақы жүйесінің болашақтағы даму бағытын айқындайтын соңғы құжат дайындалады”, – деді ол.

Қазіргі таңда талқыланып жатқан нұсқалардың қатарында "4+1" моделі мен сақтандыру зейнетақысы жүйесі де бар.

Ал еңбек өтілін міндетті түрде 40 жылға жеткізу туралы ұсыныс талқылаудан алынып тасталған.