Солтүстік Кипрде 22 жастағы Қазақстан азаматына белгісіз ер адам пышақпен шабуыл жасады. Зардап шеккен қыз ауыр хәлде ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі оқиға туралы хабардар екенін мәлімдеп, қазақстандық дипломаттардың мән-жайды анықтап жатқанын хабарлады.
"Қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда және жергілікті құзырлы органдармен тұрақты байланыста. Аталған мәселе министрліктің бақылауында", - деп мәлімдеді ведомство.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, оқиға 3 тамыз күні супермаркеттердің бірінде болған. Белгісіз ер адам 22 жастағы қазақстандық қызға пышақпен шабуыл жасаған. Одан кейін күдікті өзіне де дене жарақатын салған.
Оқиға салдарынан екеуі де ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің мәліметінше, қазақстандық қыздың жағдайы ауыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.