Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрес жаңа ғылыми деңгейге көтерілді. Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы жүргізген кешенді зерттеу құқық қолдану тәжірибесін талдап, жемқорлықтың алдын алу мен заңнаманы жетілдіруге бағытталған нақты ұсынымдар әзірледі,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығына қауіп төндіріп, әлеуметтік-экономикалық дамуды тежейтін және азаматтардың билікке деген сенімін әлсірететін жүйелі проблемалардың бірі екені анық.
Қазақстанда бұл кеселге қарсы күреске бағытталған кешенді саясат жүзеге асырылуда. Бұл саясат заманауи құқықтық және институционалдық тетіктерді енгізуді қамтиды. Оның бағыттары 2024 жылғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық баяндамада және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы, яғни ГРЕКО ұйымы мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Ыстамбұл іс-қимыл жоспары аясындағы халықаралық ұсынымдарда көрініс тапты.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданып, саладағы негізгі реформалардың бағыттарын айқындап берді. Онда алдын алу тетіктерін жетілдіру, құқықтық жауаптылық шараларын күшейту, мемлекеттік бақылауды цифрландыру, квазимемлекеттік секторда комплаенс жүйесін енгізу, сондай-ақ мониторинг пен үйлестіру сапасын арттыру сынды міндеттер қойылған.
Сыбайлас жемқорлықтың көріністері саяси тұрақтылыққа, әділ бәсекелестікке және инвестициялық ахуалға кері әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан онымен күрестің тиімділігін арттыру үшін елімізде қалыптасқан ахуал мен әлемнің дамыған мемлекеттеріндегі озық тәжірибені салыстыра отырып, терең ғылыми тұрғыдан үнемі зерделеу өте маңызды.
Осы мақсатта 2024 жылы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері» тақырыбында кешенді ғылыми зерттеу жүргізді.
Зерттеудің мақсаты – құқық қолдану тәжірибесіндегі проблемаларды, заңнамалық олқылықтар мен қайшылықтарды анықтап, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге бағытталған нақты ұсынымдар әзірлеу болды.
Зерттеу аясында мына мәселелер қарастырылды:
- сыбайлас жемқорлық ұғымын анықтаудың заманауи тәсілдері,
- прокурорлық қадағалаудың атқаратын рөлі,
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді іске асыру практикасы,
- ұлттық модельге жаңа институттарды енгізудің тиімділігі (кәсіби парасаттылыққа тестілеу, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда мүдделер қақтығысын анықтау мен реттеуді регламенттеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті дамыту, негізсіз баю).
Нәтижесінде бірқатар ғылыми мақалалар мен «Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың теориялық және практикалық мәселелері» атты монография жарық көрді.
Ғылыми нәтижелер халықаралық ғылыми-тәжірибелік іс-шараларда кеңінен талқыланып, құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының бағдарламаларына енгізілді. Ең бастысы – әзірленген ұсынымдар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолданып, зерттеуші авторлар заң шығару және практикалық іске асыру жөніндегі жұмыс топтарының құрамына енді.
Зерттеудің толық нұсқасымен Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ресми сайтындағы репозиторийде танысуға болады.
Жақсылықов Руслан Әділбекұлы,
ҚР Бас прокуратурасы жанындағы
Құқық қорғау органдары академиясының
бас ғылыми қызметкері, әділет кеңесшісі.