Швейцарияда Өзбекстанның марқұм бұрынғы президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримоваға қатысты сырттай сот процесі басталды. Оған қылмыстық ұйым құрды, пара алды және ақшаны заңдастырды деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.
Іс Швейцария Федералдық қылмыстық сотында, Беллинцона қаласында 27 сәуір күні қарала бастады. Мәліметке сәйкес, сот процесі 22 мамырға дейін жалғасуы мүмкін.
53 жастағы Гүлнара Каримова сот отырысына қатыса алмайды. Себебі ол қазір Өзбекстандағы колонияда жазасын өтеп жатыр. Оның адвокаттарының бірі Грегуар Манжеа қорғау тарапы клиентін толық ақтауға күш салатынын мәлімдеді.
Швейцария прокуратурасы оған қарсы айыпты 2023 жылдың күзінде жариялаған. Тергеу нұсқасы бойынша, ол ондаған адам мен көптеген компаниядан тұрған «Офис» атты қылмыстық топты құрып, басқарған.
Прокурорлар Гүлнара Каримова Швейцарияда және өзге елдерде қылмыстық жолмен келген жүздеген миллион долларды орналастырды деп санайды. Сондай-ақ қолма-қол ақша, зергерлік бұйымдар және заңсыз табылған өзге де құндылықтарды сақтауды ұйымдастырды деген күдік бар.
Тергеу дерегінше, Өзбекстанның телекоммуникация нарығына кіргісі келген шетелдік компаниялар Каримовамен байланысы бар құрылымдарға пара беруге мәжбүр болған. Айыптау қорытындысында бұл ұйым 2005 жылдан бері Швейцарияда жұмыс істегені, ал қылмыстық әрекеттер кемінде 2013 жылға дейін жалғасқаны айтылған.
2024 жылдың қарашасында Lombard Odier банкі мен оның бұрынғы қызметкеріне де айып тағылды. Тергеушілер олар «Офис» тобының қылмыстық табысын жасыруда шешуші рөл атқарды деп есептейді.
Ал банк өкілдері прокуратура олардың ақшаны әдейі жылыстатты деп айыптамайтынын, мәселе тек ішкі бақылау жүйесіндегі болжамды ұйымдастырушылық кемшіліктерге қатысты екенін айтып, сотта өз ұстанымын қорғайтынын жеткізді.
