Щучинскідегі жарылыс: жағдайды тергеумен ТЖМ айналысады

Көркем Алдабергенова 27 ақп. 2026 14:58

Қазақстанның ТЖМ Щучинск қаласындағы оқиғаны тергеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Төтенше жағдайлар министрі генерал‑лейтенант Шыңғыс Әріновтің бұйрығымен Ақмола облысының Щучинск қаласында болған төтенше оқиғаның себептерін анықтау жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды.

Комиссияға ТЖМ басшысы төрағалық етеді. Оның құрамына Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс, Әділет, Сауда және интеграция министрліктерінің басшылығы, сондай-ақ Ақмола облысы әкімдігінің өкілдері кірді.

Комиссияға оқиғаның себептерін жан-жақты, толық және объективті тергеуді қамтамасыз етіп, ұқсас жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін қажетті ұйымдастырушылық және алдын алу шараларын әзірлеу тапсырылды.

Зардап шеккен адамдарға және қайтыс болған адамдардың отбасыларына медициналық және психологиялық қолдауды қоса алғанда, барлық қажетті көмек көрсетілетін болады. Ақмола облысының әкімдігіне қайтыс болған адамдарды жерлеуді ұйымдастыруға көмек көрсету тапсырылды.

Қолда бар ақпаратқа сәйкес Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйге іргелес салынған бір қабатты дәмханада газ‑әуе қоспасының жарылуы орын алып, кейін өрт шыққан болатын.

Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері хабар алғаннан кейін бес минут ішінде оқиға орнына жетті.

Авариялық-құтқару жұмыстары барысында әрқайсысының көлемі 50 литрлік бес газ баллоны және екі оттегі баллоны өрттен шығарылды, бұл жарылыстардың қайталануына жол берілмеді. Өрт сөндірушілер өртеніп жатқан үй-жайдан 10 адамды құтқарды.

Оқиға салдарынан 28 адам зардап шекті, олардың 13-і ауруханаға жатқызылды, 8 адамға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді.7 адам қайтыс болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove