ШҚО: Отандық сабын өндірісі дамып келеді

Dalanews 18 қыр. 2024 08:30 1342

Серебрянск қаласында “Бір ауыл – бір өнім” көрме-жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz  Altainews.kz-ке сілтеме жасап.

Алтай ауданының 30-ға жуық бизнес өкілі өз өнімдерін ұсынды. Атап айтсақ, ет, сүт, балық, бал, нан-тоқаш өнімдері, қолдан жасалған сабын, тағы басқа тауарлар көпшілікке ұсынылды.  Жәрмеңкенің басты мақсаты – жергілікті өнімнің сапасын арттыру, өңірлік брендтерді шығару, кәсіпкерлер өнімдерінің нарқын кеңейту және оларды экспорттау.

“Бұл көрме – тауар өндірушілердің жетістіктерімен танысудың, олардың өнімдерін сатып алудың, іскерлік байланыстар орнатудың бірегей мүмкіндігі. Кәсіпкерлерге мемлекеттің беріліп жатқан көмектері, бизнесті қолдауға арналған бағдарламалар жайлы үнемі түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырамыз”, деді  Алтай ауданының кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Медет Сахариев.

Серебрянск қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Айжан Қайсенова мемлекеттің қолдауының арқксында қайтарымсыз гранттың иесі атанып, сабын шығаруды қолға алған болатын. Кәсібінің жемісін көріп отырған көп балалы ана, бүгінгі көрме-жәрмеңкеге өз өнімін алып келді.

“Мен көп балалы ана ретінде, қайтарымсыз гранттың иесі атанып, өз кәсібімді ашуға мүмкіндік алдым. Қазіргі таңда шаруашылық сабынын жасап шығарамыз. Сапасы өте жоғары. Әзірге цехта екі адам жұмыс істейміз. Осы орайда кір сабынның күнделікті  тұрмыста ең қажетті зат екенін ескерсек, оған деген сұраныстың артары сөзсіз. Алдағы уақытта өнімнің көлемін арттыру жоспарда бар”, деді жеке кәсіпкер Айжан Қайсенова.

Серебрянск қаласында «Бір ауыл – бір өнім» көрме-жәрмеңкесіне арнайы барған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев, аудан кәсіпкерлеріне мемлекет тарапынан шағын және орта бизнес иелеріне мейлінше қолдау көрсетіп, кәсібін дамытуға қолайлы жағдай жасап жатқанын және жеңілдетілген несие алу үшін «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалалар арқылы несие алуға бағыт-бағдар берді. Әрқашанда жергілікті өндірушілерге қолдау көрсетілетінін жеткізді.                          


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар