ШҚО-ны Қазақстаннан бөлу керек деген екі адам сотталды

Сағыныш Сардарова 11 мау. 2024 15:33 3263

ШҚО-ның екі тұрғыны билікті басып алу және сепаратистік әрекеттерді насихаттағаны үшін 5 жылға сотталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы мәліметінше, Өскемен қалалық №2 сотының шешімімен Шығыс Қазақстан облысының екі тұрғыны ұлттық және әлеуметтік араздықты қоздыратын жарияланымдар мен үгіт-насихаттары үшін сотталды.

"Тергеу барысында олар 2024 жылдың ақпан айында интернет-ресурстарды (чат-рулетка) пайдаланып, Шығыс Қазақстан облысын Қазақстан Республикасынан бөлу мақсатында референдум өткізу қажеттігі туралы сенімдері мен идеяларын білдіргені белгілі болды.

Олар референдумда оң нәтижеге қол жеткізілмеген жағдайда облысты күштеп басып алуды насихаттады", - деп жазылған мәліметте.

Айыпталушылар өз кінәларын толық мойындап, өкініш білдірді.

Мемлекеттік айыптаушы сотта олардың әрқайсын 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Заңды күшіне енген сот үкімімен кінәлілер 5 жылға бас бостандығынан айырылды. 

"Мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мәселелері құқық қорғау және арнайы органдардың ерекше бақылауында", - деді прокуратура өкілдері.

 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар