Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Омбы қаласына барып, Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценкомен кездесу өткізді. Келіссөз барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар стратегиялық мәселелерді талқылады,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Өңір басшылары сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық және мәдени байланыстарды одан әрі дамытуға ниетті екендерін растады. Кездесу барысында жастар мен гуманитарлық бастамаларды жандандыру, мәдени-тарихи туризмді дамыту бойынша бірлескен жұмыс тобын құру және 2028 жылға дейінгі екіжақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Талқыланған негізгі тақырыптардың бірі – Қытай Халық Республикасынан басталатын және Шығыс Қазақстан арқылы өтіп, Абай және Павлодар облыстарын, Омбы облысы мен басқа да ресейлік өңірлерді қамти отырып, Солтүстік Мұзды мұхитқа дейін жететін кеме жүретін жаңа бағыт ашу болды.
Сондай-ақ ресейлік инвесторлардың Шығыс Қазақстанда жүзеге асырылатын жобаларға қатысу мүмкіндіктері сөз болды. Нұрымбет Сақтағанов ресейлік серіктестерді «Altay Invest-2025» халықаралық инвестициялық форумына қатысуға шақырды. Бұдан бөлек, білім беру, денсаулық сақтау және спорт салаларындағы ынтымақтастықтың болашағы талқыланды.
Сапар соңында қазақстандық делегация Омбы қаласының 309 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысты.