Бүгінгі таңда ШҚО-да зейнеткерлік жасына толған 132 588 адам тұрып жатыр.
– Мейірімділік айлығы аясында 6813 қарт пен мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмек көрсету, оның ішінде отын-көмірмен, дәрі-дәрмекпен және тағы басқа қажеттіліктермен қамтамасыз ету жоспарланған. Сондай-ақ жыл басынан бері 3352 адам санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз етілді, – деді басқармада.
Өңірде Қарттар күніне орай «Мейірімділік айлығы» акциясын өткізу жөніндегі облыстық іс-шаралар жоспары бекітілген. Осы жоспар аясында салтанатты іс-шараларды ұйымдастыру, көп жасаған қарттар мен ҰОС ардагерлерін арнайы құттықтап, сыйлықтарын табыстау, мерекелік қайырымдылық түскі ас ұйымдастырып, ардагерлер мен оларға теңестірілген адамдарға жыл сайынғы скринингтік және профилактикалық медициналық тексерулер өткізу бойынша іс-шаралар жоспарланған.
Сонымен қатар еріктілер тобы ардагерлер мен жалғызбасты зейнеткерлерге қысқы отын дайындауға және аулаларын тазалауға көмек көрсетуді бастап кетті.
– Қалалар мен аудандарда зейнеткерлердің, жалғызбасты қарттардың, әлеуметтік және материалдық көмекке мұқтаж мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру жағдайларын анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде, – деп толықтырды жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасында.
Айта кетейік, қоғамның, оның ішінде кейінгі буынның қарияларға деген сый-құрметін арттыруға бағытталған осындай акциялардың берері мол екені сөзсіз.