ШҚО-да биыл ҰБТ тапсырушылардың саны артқан

Dalanews 04 мау. 2020 08:22 1030

Шығыс Қазақстан облысындағы мектеп түлектерінің 84,4 пайызы ҰБТ тапсыруға ниет білдірді. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 8,8 пайызға артық. ШҚО ақпараттық орталығында өткен брифинг барысында білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова осылай деді.

Брифингте ағымдағы жылы ҰБТ-ның ұйымдастырылуы мен өткізілуі туралы кеңінен айтылды.

– Ұлттық бірыңғай тестілеу ағымдағы жылдың 20 маусымы мен 5 шілдесі аралығында өтеді. Барлық санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қатаң сақталады. Облыста 16 ҰБТ өткізу пункті дайындалды. Оның ішінде 4 аймақтық университет пен 12 орта мектеп бар, – деді Сайрангүл Жұмаділова.


Басқарма басшысының айтуынша, ағымдағы жылы ҰБТ-ның тесттік базасы 30 пайызға жаңартылған. Сұрақтардың дені логикалық ойлау, негізгі құзіреттілік пен түсіну деңгейін анықтайтын функционалдық сауаттылыққа бағытталған.

– ҰБТ-ның әр нүктесінде аппеляциялық комиссиялар құрылады. Сонымен қатар республикалық аппеляциялық комиссия жұмыс істейтін болады. Бұдан бөлек облыста 2338 баланы ҰБТ пунктіне дейін тасымалдау ұйымдастырылады, – деді Сайрангүл Жұмаділова.

Брифинг барысында басқарма басшысы биыл Білім және ғылым министрлігі педагогикалық мамандықтардың беделін арттыру мақсатында педагогикалық мамандықтар бойынша шекті баллды 70 дейін көтергенінін атап өтті. Ал басқа мамандықтар бойынша шекті деңгей 60 баллды құрайды.

Брифингте Ұлттық тестілеу орталығының ШҚО бойынша филиалының жетекшісі Динара Мейрғазина биыл ҰБТ тапсырушыларға калькулятор пайдалануға рұқсат берілгенін атап өтті.

– Бейнежазбаны қарау кезінде талапкерлердің тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, онда ҰБТ нәтижесі, сонымен қатар білім беру гранты жойылады. Бұған қоса, тағы да жаңашылдықтар бар. Бұрын тестілеу уақыты 3 сағат 50 минут болса, қазір 4 сағатқа дейін ұзартылды, – деді Динара Мейрғазина.


Брифинг барысында тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің балалар мен жасөспірімдер арасындағы инфекциялық емес ауруларды бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Бақыт Дырымбаева ҰБТ тапсырушылардың дене қызуы көтерілсе, сондай-ақ олардан жедел респираторлық вирустық ауру белгілері анықталса, тестілеуге кірмейтінін атап өтті. «ҰБТ тапсырушылардың арасында 2 метр қашықтық сақталуы тиіс» деді Бақыт Дырымбаева.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар