Штаб мүшелері демалыс күндері де еңбек етуде. Бұл туралы ШҚО ақпараттық орталығында өткен брифинг барысында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Досхан Қайырғазинов мәлім етті.
– Күні бүгінге дейін штабтағылар 20 мыңнан астам азаматтың өтінішін қарастырды. Оның ішінде 15,6 мың адамның өтінімі мақұлданды, – деді Досхан Қайырғазинов.
Шығыс Қазақстан облысында 89,8 мың азаматқа әлеуметтік төлем тағайындалды. Олардың дені қаражатты екінші деңгейлі банктерден немесе «Қазпошта» АҚ арқылы ала алады.
Айта кетейік, облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысымен ХҚКО мен банктердің жұмыс уақыты ұзартылды.
Жұмыс беруші жұмысшыларға тиісті 42500 теңгеге өтініш бермеген жағдайда ШҚО еңбек инспекциясына хабарласу қажет. Брифингке қатысқан аталмыш басқарманың басшысы Бақытбек Қизатов осылай деді.
– Еңбек заңнамасы бұзылса немесе жұмыс беруші әлеуметтік төлем тағайындауға қызметкерлерінің тізімін беруден бас тартса, карантин уақытында жалақысы сақталмайтын демалысқа шыққан азаматтар бізге хабарласа алады, – деді Бақытбек Қизатов.