ШҚО ата-аналары балаларды вакцинациялаудың маңызы жайында айтты

Dalanews 06 жел. 2021 05:17 937

Дәрігерлер Covid-19 таралуының алдын-алудың тиімді әдісі ұжымдық иммунитетті қалыптастыру деп санайды. Оның тез қалыптасуы үшін 12 жастан асқан жасөспірімдерді вакцинациялау қажет. Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда Pfizer Comirnaty вакцинасымен егу науқаны 15 қарашада басталды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Біз жолдасымыз екеуміз балаларды вакцинациялауды  жөн дее таптық. Өйткені ата-ана ретінде біздің міндетіміз-оларды барынша қауіпсіздендіру, – деп атап өтті Өскемен қаласының № 39 орта мектебінің директоры Гүлмира Абюрова. – Бүгінгі таңда менің балаларым вакцина алды. Ешқандай жанама кері әсерлер болған жоқ. Ата-аналарды дұрыс таңдау жасауға шақырамын. Сонда ғана біз қалыпты өмірге ораламыз.

Дегенмен ғаламтор кеңістігінде көптеген қарама-қайшы ақпараттарды кездестіруге болады. Ол қаншалықты шынайы? Күмәнді бұл сұраққа тек сарапшылар ғана жауап бере алатындығын атап өтейік.

– Біз мұғалімдерді де, ата-аналарды да толғандырған сұрақтарға жауап беру үшін мамандарды мектебімізге шақырдық,-деді Өскемендегі № 19 орта мектептің директоры Қайрат Киікбаев. – Түсіндірмені алғаннан кейін, басым бөлігі вакцина алуға бел буды. Оның ішінде менің 17 жасар ұлым да бар. Вакцинация денсаулықты сақтаудың жалғыз механизмі деп санаймын. Біздің мектепте мұғалімдердің жүз пайызы егілді.

Естеріңізге сала кетейік, жасөспірімдерді вакцинациялауға ата-аналардың немесе олардың заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен ғана білім беру ұйымдарының медициналық кабинеттерінде және емханалар жанындағы вакцинация орталықтарында рұқсат етіледі. Профилактикалық егуді жүргізу алдында дәрігер балаға медициналық тексеру жүргізеді. Иммундауға қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда егілетін адамның медициналық құжатында вакцинация жүргізуге рұқсатты ресімдейді. Оған немесе оның заңды өкіліне алынатын вакцина, иммундаудан кейінгі ықтимал реакциялар туралы толық және объективті ақпарат береді.

«Мен вакцинация балалар үшін өте маңызды деп санаймын» деп ойын бөлісті ата-аналардың бірі Оксана Гончарова, «Вирус барлық жерде бар және ол жұқпалы. Менің ұлым коронавирустық инфекцияға қарсы екпе жасады. Ол өзін жақсы сезінеді, еш шағымдар жоқ. Менің ойымша, барлық ата-аналар бұл мәселе туралы мұқият ойланып, дұрыс шешім қабылдауы керек».

ШҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде 20 мыңнан астам адам Pfizer Comirnaty вакцинасымен егілді.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар