Өңір басшысы Даниал Ахметов елшіге Шығыс Қазақстан облысының дамуының негізгі бағыттары туралы айтып, соның ішінде өнеркәсіп пен аграрлық салаларына ерекше тоқталып өтті.
– Өңдеу деңгейін тереңдету арқылы атом өнеркәсібін дамыту жұмыстары жүргізілуде. Мемлекетіміздің қуатпен қамту жүйесінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік беретін бірқатар су электр станцияларының құрылысы басталды. Аграрлық сектор дамып келеді, оның өнімін көрші мемлекеттерге шығаруды жоспарлап отырмыз, – деді Даниал Ахметов кездесу барысында.
Джордж Крол өз кезегінде Шығыс Қазақстанда АҚШ инвестициясының бар екенін және әлеуметтік салада тығыз қарым-қатынас орныққанын атап өтті.
– Шығыс Қазақстан облысының даму әлеуеті жоғары. Жалпы, бізге Қазақстанмен жақсы және нәтижелі байланыс маңызды, – деді елші.
Джордж Крол Шығыс Қазақстанға екі күндік жұмыс сапары барысында Өскемен қаласының білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау мекемелерін аралады.
Айта кетсек, 2016 жылдың 4 айында Шығыс Қазақстан облысының АҚШ-пен тауар айналымы 29,2 млн АҚШ долларын құрады. Экспорт 14,7 млн АҚШ долларын, импорт 14,5 млн АҚШ долларын құрап отыр.
«ҚмД» ақпарат