Әкімдіктегілердің ұсынысына сүйенсек, қалай болғанда да биылдан қалдырмай ЖЭО мемлекет инвестициясы арқылы жөнге келтіру керек.
Өйткені орталықтың қазіргі қожайындары 2023 жылға дейін кәсіпорынды жөндеу жұмыстарын жоспарға қоспаған. Себеп – қаржының тапшылығы.
Риддер жылу электр орталығында 1997 жылдан бері екі мәрте меншік иесі ауысқан.
Алдымен АҚШ –тың компаниясы иелік еткен. Кейін шетелдік холдингтің еншілік компаниясының құрамына енді. Ал 2018 жылдан бері Алматылық фирма меншігінде.
Соңғы жылдары жаңа қожайындардың жұмысы алға баспай келеді. 2019 жылы орталықтағы турбогенаратордың істен шығуы салдарынан қуаты кеміп, энергия өнімділігі төмендеген.
Мысалы, 2020 жылдың 1 наурызы мен 2021 жылдың 29-шы ақпаны аралығында Риддер жылу электр орталығында энергия өндіруге 2 млрд теңгеден астам шығын кеткен. Ал табыс көлемі 1,5 млрд теңгеге де жетпеген.
Облыс әкімі Даниал Ахметовтың атап өткеніндей жылу электр орталығының басшылығы жауапкершілікті сезінбеген, соның салдарынан жөндеу жұмыстары тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған.
"Әрине, бұл жағдайға біз атүсті қарай алмаймыз. Сондықтан, орталықты коммуналдық меншікке қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз", – дейді аймақ басшысы.
5 қарашада Риддердегі жергілікті жылу электр орталығында апат болып, 22 мың абонент жылусыз қалған еді. Артынша жедел штаб құрылып, қалада төтенше жағдай жарияланды.